KZ
Өскемен
-6°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Қоңыр Әулиедегі Қазақ батырларына ескерткіш тас белгі қойылды

17.07.2019, 06:40 249

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы өз туындыларына үнемі батыр бабалардың жырын арқау етіп келеді. Несіпбек Айтұлының поэмаларын оқығандар ақынмен бірге арқаланып, қазақтың көне замандағы даласына сапар шегеді. Несіпбек Айтұлы жақында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан Абай ауданының орталығы Қарауылға арнайы келіп, Тоқтамыс ауылының маңында орналасқан Шаған өзені бойындағы Шаған шайқасына қатысқан, елі үшін, жері үшін мерт болған қазақ батырларының құрметіне тас қойды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

- Өткен тарихтан белгілі Қоңыр әулие үңгірі алдында қазақтар мен қалмақтар арасында 1757 жылдары кескілескен шайқас болған,-деді белгілі қаламгер, «Абай елі» аудандық газетінің бас редакторы Әсет Мырзақасым,-тарихта «Шаған шайқасы» деп аталған бұл оқиға – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабоз» атты көркем туындылары мен тарихшы Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамса» еңбегінде жақсы баяндалған.

Қоңыр әулие қорымында жерленген сарбаздарға мынадай жазуы бар тас белгі қойылды:  

«Бұл жерде XVIII ғасырда қазақ-қалмақ соғысында хан Абылай, Қабанбай, Бөгенбей, Олжабай, Бердіқожа, Мамай, Тоқтамыс, Баймұрат, тағы басқа батырлар қатысқан Шаған шайқасында Қоңыр Әулие қорғанында мерт болған қазақ сарбаздары жерленген. Найман-Төртуыл бұтағынан тарайтын Жауғаш батыр ұлдары Сарыбай мен Түгел екеуі бір қабірде жатыр. Отан үшін шейіт болған ерлердің рухы мәңгі өшпей, ұрпақтары жасай берсін. Белгі қойған ақын Несіпбек Айтов. 2019 жыл, шілде».

Тасқа түскен таңбадай жазуға ешқандай анықтама берудің қажеті болмас. Белгі тас басында тебірене сөйлеген Несіпбек Айтұлы ағамыз осынау игі шараға қатысқан Абай, Аягөз елінің басшыларына, азаматтарына, даңқты балуан Айбек Нұғымаров бастаған жастарға, ас беруге атсалысқан Семей, Абайдан келген туыстарына айрықша алғысын білдірді.

Қорымда жерленген қазақ батырларының рухына бағышталып құрбан шалынып, ас беріліп, Құран қатым түсірілді. Батырын жоқтап, жырлаған ақын бақытты болады деуші еді, соның бір куәсі болған ел Несіпбек Айтұлына ерекше риза болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу