KZ
Өскемен
-28°
туман жел 2 м/с, З
514.93 536.04 5.18

Саяси қоғам, дін және қазіргі  қоғамдағы адамның адамгершілігі мәселесі

Фото: pexels.com

24.12.2024, 20:30 364 Гульжан Мусина

Аристотель адамды «Zoon Politicon» яғни, саяси хайуан деп атап кеткен екен. Қоғам болып қалыптасқаннан бері адам саяси пенде, өйткені ол-әрқашан белгілі бір таптың, я болмаса ұлттың т.с.с. үлкен әлеуметтік топтың өкілі. Әрбір әлеуметтік топ қоғам өміріндегі өз орнын анықтау процессінде өз мүдделерін қорғап, осы жолда басқа топтармен қарым-қатынасқа түседі. Осылайша, саясат және саяси-әлеуметтік өмір әртүрлі мүддесі бар миллиондаған адамдардың мақсат-мұраттарын тоғыстырған қоғамдық қатынасты әкеледі. Саясаттың екінші жағы - әртүрлі мақсат мүддесін ұстанған топтардың басын біріктіріп, қарым-қытынастарын ретке келтіріп, қоғамның біртұтастығын сақтап қалу. Бұл үрдіс әрине билік арқылы жүзеге асады. Билік өз кезегінде қоғамның мүшесі болып табылатын, әрекет қабілеттілігі жоғары пассионарлы адамның, не топтың белгілі бір мақсатқа жету әрекетінен туындайды. Әрине қоғам күрделі элемент бола тұра белгілі бір жүйеленген тәртіп, не ережесіз өмір сүре алмайды, олай болса билік-адамзаттың мәңгі серігі. Ал қоғам - ол мемлекеттің негізі, бойындағы жан-дүниесі, қоғам қандай болса мемлекеттің де сипаты сол болмақ.

Ал қазіргі қоғам – ол қандай қоғам? Заман сыншылары қоғамның дамуын оның адамгершілік дәрежесімен өлшейді. Ал адамгершілік түсінігінің өзін біз - адам құндылықтары қатарына жатқыза отырып, оны құрмет, мейірім, ізгілік, сыйласымдық, тәрбиелілік т.б. ұғымдармен өлшейміз. Бүгінгі күн қоғамын- заман өкілі капиталистік (түбірі –капитал) қоғам (келер ұрпақ оны ғылыми айналымда басқаша атамаққа кім кепіл?!) деп атайды. Бұл қоғамның қарапайым сипаттамасында көпшілік қара халық түсінігінде Адам - нан-тамақ, күнелту мен ақша табу үшін өмір сүреді. Екінші жағынан ойлап қарасақ, қорадағы «қара» мал да тамақ жеу үшін ғана өмір сүреді. Сонда адам малдан, хайуаннан айырмашылығы болмағаны ма?! –деген ой келеді. Адамды малдан айрып тұратын тек жоғарғы ми, Сана ғана. Оны адам қалай жұмсайды оны өзі шешеді... Қазіргіде адам немесе қоғам ойы: «жегені алдында, жемегені артында» болып, «жарлы болсаң арлы болма» деген принциптерді көп ұстануда. Ал, қоғамның даму философиясы: «Кедей бай болам дейді, бай Құдай болам» дегенге теңеседі. Осыдан келе Адамның табиғаты сол ма деп кейде ойланып қалғанда Бұқар жыраудың мына өлең жолдары еске түседі:

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де

Қызыққа тоймас адамзат.

Әлемді түгел білсе де,

Қызығын қолмен бөлсе де,

Қызықты күні қырындап,

Қисынсыз күйге түссе де,

Өмірге тоймас адамзат.

Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да,

Қалжырап, көңілі қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да -

Үмітін қоймас адамзат.

- дегенінен адамзаттың табиғатын ұғына бастағандай боласың... Бірақ соған қарамастан қоғам уақыт жылдамдығына сай тым жылдам өзгеріп, құбылып отырады және біз онымен ілесе алмай ой мен рухани дамуынан артта қалып бара жатқан іспетті.

Қоғамды ұйымдасқан Ел қылып немесе «тобыр» қылып ұстап тұратын тағы бір маңызды категория бұл – Дін. Дін және саясат бізге неге керек десек,- бұл екеуінсіз қоғам тобырға айналып, алғашқы қауымдық құрылыстың формациясына қайта оралатыны сөссіз.

Көп сөздікті қарасақ дін ұғымы негізінен адамның сенім дүниетанымымен байланыстырылған табиғаттан тыс тылсым күштің, Жаратушы «Иенің» болуымен және оның алдында адамның әлсіз екендігімен сипатталады. Осылайша дін де адамдардың санасын тәуелділікте ұстауға ұмтылған үлкен күші бар құрал, билік. Белгілі зерттеуші философ және әлеуметтанушы Э.Дюркгеймнің айтуынша «дін қоғамдық қатынастарды сакралдау арқылы адамдардың бірлігі мен қоғамның тұтастығын қамтамасыз ететін идеологиялық механизм».

Толассыз тіршіліктің ағысы қатты дариясында бір батып, бір малтып, тынымсыз күн кешетін адам баласы тәнін ғана емес, жанын да қоректендіріп отырмаса, жаратылыстың заңды үйлесімінен, гармониясынан тыс қалады. Капиталистік қоғамда адамзатқа  керектің бәрі жетіп артылады. Бірақ бір құндылық - руханиат жойылуда. Қазіргі кезде әлемнің көптеген өркениетті елдері материалдық дамудың шегіне жетіп, бірақ рухани тұрғыдан айтарлықтай құлдырауды басынан кешіп жатқан өтірік емес. «Тамағы  тоқтық. Жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген Абайдың сөзі көп жағдайда шындыққа айналуда. Осыған қарамастан адам баласы «болдым, толдым» демей, өзінің  даңқын асқақтатудың түрлі тәсілдерін ойлап тауып, әлемді «таңқалдырумен» бас қатыруға тырысуы әлеуметтік желілердегі көрініс соның айғағы болуда.

Әркім өз өміріне өзі жауапты, кім-қандай жолды табады, қандай бағыт таңдайтынын өзі біледі. Өмірдің жол уақыты адамды толық анықтап оның психологиялық портретін толық белгілейді. Сол белгілері оның «хайуан» ба не «Адам» ба екенін көрсетеді. «Өзінің шәкірттерін «өлтірмесе», Уақыт - ол Ұлы Ұстаз» деп, кезінде француз композиторы, дирижер, романтизм кезеңінің музыкалық жазушысы -Гектор Берлиоз айтпақшы, ақиқатты (шындықты емес) танытатын уақыт соқпақтары, яғни өмір, бірақ уақыт өтуімен қоса өмір де тамшылай өте беретіні сөссіз. Сондықтан да болар Абай Құнанбайұлы өзінің он бесінші қара сөзінде, «күнде болмаса да, айына бір өз-өзіңе есеп беріп отырғанды ұмытпа!»- дегені дұрыс та шығар. Адам уақыт сайын бірдеңені үйреніп, бірдеңені жиреніп, біліп жатады.

Атам қазақта не-бір дана сөздер қалған, солардың бірінде: «Көпті білгеннен сұрама, көпті көргеннен сұра»- дей келсе, «Көп білген сайын мен өзімнің соншама көп білмегенімді ұғамын» деген екен білгенінің үстіне біле отырған кезіндегі грек философы Сократ. Ақылдылық, білімділік, адамгершілік ар қасиеттері - Адам кейпін білдіреді. Кезінде Олимпиададан келе жатқан Диогеннен біреу сұрапты: Ол жақта Адам көп бе?-дегенге ол- Жоқ халық көп, Адам аз деп ол жауап қайтыпты. Ендеше жан мен тәнімізді дамыта отырып заман соқпағында кейпімізді жоғалтпай, Жаратушының берген Санасын біліммен сусындатып Адам болып өмір сүруді маңызды орында ұстауды әрқашан ұмытпайық халайық.

Абдикакимов М.Т.

PhD докторы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу