ШҚО-да пиротехниканың заңсыз саудасына қарсы рейд жүріп жатыр
pixabay.com
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңірде сертификатталмаған пиротехниканың сатылуына қарсы шамамен 340 рейд өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдын алу шаралары барысында фейерверктерді сатуға лицензияның бар-жоғы тексерілді. Облыста арнайы рейдтік топтар құрылып, олардың күшімен 194 дана контрафактілік өнім тәркіленді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 196-шы бабы бойынша 21 хаттама толтырылды.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, облыста пиротехниканы сатуға лицензиясы бар 4 заңды тұлға тіркелген, олардың екеуі – Өскеменде, тағы екеуі – Алтай қаласында.
Лицензиясы мен рұқсаты жоқ тұлғалардың ашық сөрелерден, автокөліктерден, қолдан және көшеде пиротехникалық бұйымдарды сатуына қатаң тыйым салынады.
ШҚО ТЖД пиротехниканы сатып алу кезінде мына жайттарға назар аудару керектігін ескертеді:
- Өнімнің сертификатталғанын тексеріңіз, пиротехниканы қолдану ережелерімен міндетті түрде танысыңыз.
- Сақтау мерзіміне назар аударыңыз: егер өнімнің жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, оны пайдалануға болмайды.
- Қаптамасы бүтін болуы қажет. Фейерверкті ғимараттар мен пәтерлердің ішінде пайдаланбаңыз.
- Петардаларды көлікке жақын жерлерде немесе құрылыс нысандарының жанында атпаңыз. 50 метр радиуста өрт қауіпті объектілер болмауға тиіс.
- Балаларға петардаларды атуға қатаң тыйым салынады.
Төтенше жағдайларды болдырмау үшін пиротехниканы сатып алу және қолдану кезінде осы ережелерді қатаң сақтау қажет.
Ержан Әбіш