Өскеменде мемлекеттік қызмет ардагерлерін Жаңа жылмен құттықтады
Жаңа жыл қарсаңында Өскеменде саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған ардагерлерді құттықтады. Кездесу барысында олардың аймақты дамытуға қосқан зор үлесі, кәсібилігі, даналығы және жас мамандарға берген мол тәжірибесі атап өтілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Сіздердің еңбектеріңіз – аймағымыздың бүгіні мен ертеңінің тірегі. Істеріңізге адалдық, жауапкершілік және Өскемен қаласына деген шынайы құрметтеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Келер жыл сіздерге амандық, береке мен молшылық, сондай-ақ қуаныш әкелсін, – деді облыс әкімі аппараты ардагерлер кеңесінің төрайымы Мағаша Сайдуақасова жиналғандарды облыс әкімі атынан құттықтап.
Бүгінде Өскеменде 95 әкімдік ардагері тұрады, олардың 9-ы – тыл еңбеккерлері. Барлығы әр жылдары мемлекеттік органдар мен облыстық мәслихат құрылымында жұмыс істеген.
– Алда Жаңа жыл, және жылдар өтсе де біз, ардагерлер, сол баяғыдай шат көңілді және сергекпіз. Осындай жылы құттықтаулар үшін облыс басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді әсерімен бөліскен Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов.
Салтанатты жиын сыйлықтар табыстаумен аяқталды.
Фото: Аяужан Утеулинова
Оқи отырыңыз