KZ
Өскемен
-29°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Шығыс Қазақстанда жол сапасын бақылауда заң бұзушылықтар анықталды

Кеше, 16:30 86 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік және жеке құрылымдарда заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған өз жұмысын жалғастыруда. Департамент автомобиль жолдары саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, нәтижелері бойынша жолдарды салу мен жөндеудің барлық кезеңдерінде, құрылысын жоспарлаудан бастап, күтіп ұстауға дейін жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Өңірлік  коммуникациялар орталығында өткен брифингте ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Денис Шакеновтың мәліметінше, жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау барысында кепілдік міндеттемелері үшін ең төменгі мерзімдерді белгілеуге байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.

Осылайша, жергілікті атқарушы органдар автожолдарды орташа жөндеу бойынша шарттарда кепілдік мерзімдерін бір жылға дейін әдейі төмендеткен 3 факті анықталған. Ол заңнамаға сәйкес 2 жылдан 6 жылға дейін болуға тиіс.

- Марқакөл ауылының көше жолдарын орташа жөндеу бойынша жалпы сомасы 59 млн. теңгеге жасалған шарт осының айқын дәлелі болып табылады. Аталған шартта кепілдік міндеттемелердің мерзімі 1 жыл ғана деп көрсетілген. Сондай-ақ, жалпы сомасы 1,8 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы 8 шартта Тараптар автожолдарды пайдалануды қамтамасыз ету бойынша кепілдік мерзімдерін мүлдем көрсетпеген. Мысалы, жалпы сомасы 341 млн. теңгені құрайтын Катонқарағай ауданының ТКШ бөлімімен «Согорное – Балықасу» автомобиль жолын орташа жөндеу бойынша шартта кепілдік міндеттемелердің мерзімі мүлдем жоқ. Осы мәселе бойынша біз кепілдік мерзімдерін ұлғайту туралы ұсыныстар бердік, құрылыс, реконструкция және күрделі жөндеу кемінде 5 жыл, орташа жөндеу кемінде 3 жыл, - деп атап өтті Денис Шакенов.

Сондай-ақ талдау аясында техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жасамай орташа жөндеу жүргізу фактілері анықталған.

ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңына сәйкес автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттама бойынша ведомстволық сараптама жүргізу міндетті және оны автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

Заң талаптарына қарамастан, облыстың жекелеген аудандары ведомстволық сараптамасыз автожолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Ұлттық Жол активтері сапасы орталығы 2023 жылы Глубокое ауданының ТКШ бөліміне техникалық және сметалық талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты «Уварово ауылына кіру» жолын жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға сараптама жүргізуден екі рет бас тартқан. Осыған қарамастан, 2023 жылдың қыркүйегінде құны 46 млн теңге болатын жолды жөндеуге шарт жасалған. Белгілі бір жұмыс көлемі сол жылдың қазан айында орындалып, төленген. 

Мұндай фактілер шарт жасасу кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ықтималдығын көрсетеді. 

Өкінішке қарай, бүгінгі күні ведомстволық сараптамасыз жол объектілерін салу үшін жауапкершілік көзделмеген. Талдау нәтижесінде Департамент тапсырыс берушілердің жауапкершілігін қарау бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жолдаған.

Сонымен қатар, талдау барысында міндетті экологиялық рұқсатсыз ұсақтау-сұрыптау кешендерінің бірінде қиыршық тас материалын дайындау кезінде тәуекелдер анықталды.   

Мысалы, «ҚазАвтоЖолдың» Шығыс Қазақстандағы филиалының ірі мердігерлерінің бірінің 2022 жылы қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат мерзімі аяқталған. 

Рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанына қарамастан, компания экологиялық рұқсатсыз ұсақтау-сұрыптау кешендерін пайдалануды жалғастырған. Осы факті бойынша материалдар қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтыру үшін облыстың Экология департаментіне жолданды. Нәтижесінде Экология департаменті 2 млрд теңгеден астам сомаға айыппұл салды.

Жанаргүл Мұқатай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу