Самар ауылында Аяз аталар мен Ақшақарлар шеруі өтті (видео)
Самар ауылындағы Ж. Болғанбаев атындағы орта мектеп-лицейде алғаш рет Аяз аталар мен Ақшақарлар шеруі ұйымдастырылды. Шеруге мектеп ұжымы, ата-аналар, демеушілер мен оқушылар белсене қатысты. Жаңа жыл мерекесінің басты кейіпкерлері мектеп алаңы мен ауылды аралап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қызыл шапан киген Аяз аталар, көкшіл шұғамен көмкерілген Ақшақарлар және жарқ-жұрқ еткен қызылды-жасылды костюмдердегі ертегі кейіпкерлері мектеп алаңын нағыз сиқырлы әлемге айналдырды. Шеруге 60-қа жуық кейіпкер қатысты. Олар бала қиялын шарықтатып, әр адамның жүрегіне мерекелік шаттық ұялатты. Әсем әндер шырқалып, барлық қатысушылар Жаңа 2025 жылдың символы – Жылан кейіпкерімен бірге флешмоб биледі.
Мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға демеушілердің көмегімен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, мектептің 30 оқушысына тәттілер салынған сыйлық қораптар үлестірілді.
Жанаргүл Мұқатай