Риддер әкіміне инвестиция тарту жұмыстарын күшейту тапсырылды
Қазіргі уақытта Риддер қаласына облыстан тартылған жеке инвестицияның көлемі 11%-ды құрап отыр. Осы тұрғыдан даму әлеуеті зор қала үшін бұл жоғары көрсеткіш еместігі мәлімделді. Шығыс Қазақстан облысы әкімі міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағановтың Риддер қаласы тұрғындарымен кездесуінде, қала басшысына жергілікті жердегі экономиканың басым секторларын ескере отырып, жаңа инвестиция тарту бағытындағы жұмысты күшейту тапсырылды.
Қазіргі уақытта облыстық бюджет қаражатының есебі 586,2 млрд теңге болса, соның 36,4% үлесі немесе 213, 5 млрд теңгесі ғана меншікті кірістің үлесінде. Бұл ретте, Мемлекет басшысы ел дамуының тұрақты кепілі негізінде Үкімет пен әкімдерге экономика құрылымын заманға сай өзгертудің жаңа механизмдерін қарастыруды жүктеген еді. Нақтырақ айтсақ, Президент өз сөзінде, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау арқылы, экономика өсімін ынталандыру шараларымен қатар, құрылымдық реформалар жүргізудің маңыздылығына тоқталып өтті. Ал жаңадан әзірленіп жатқан Салық кодексінде мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарап, инвесторларға қолайлы жағдай туғызумен қатар, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне аса мән берілетіні де айтылды. Бұл ретте, мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін заңдар мемлекеттік сатып алудың ашық болуына септігін тигізеді. Бұған қоса, ел Президенті экономиканы әртараптандыру арқылы елімізді өркендетуге қаражат қорын молайтып, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту мүмкін екеніне сенімді.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының бюджеті негізінен, өндірістік кешен есебінен қаржыландырылуда. Ал жергілікті бюджетке сауда-саттықтан түсетін қаражат мөлшері тым аз, тек 13%-ды ғана құрайды. Жоғарыда аталғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, шығыс өңірінде нарықтың сұранысына сай, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан әр облыстың георгафиялық орналасуы мен өңір экономикасының басым бағыттарын ескере отырып, меншікті кірістің мөлшерін ұлғайту көзделуде.
Риддер - облыс аумағындағы ірі өндірістік қала. Қаланың бюджеті бүгінгі таңда 20,2 млрд теңгені құраса, соның 48%-ы немесе 9,7 млрд теңгесі өзінің меншікті кірісінің үлесіне тиеді. Соның ішінде, меншікті түсімнің 20,6%-ы, яғни 2 млрд теңгесі өндіріс орындарының есебінен толығуда. Қазіргі таңда жергілікті жерден инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына енген жалпы сомасы 20,1 млрд көлеміндегі қаржыға 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде, туристік бағыттағы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын екі жоба бойынша атқарылған жұмыстар жақын арада аяқталуға жақын. Сондай-ақ, тағы үш инвестициялық жоба бойынша жұмыс істеліп жатыр. Осы орайда жергілікті халықпен кездесу өткізген Шығыс Қазақстан облысы әкімі міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов, Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиевке облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлескен негізде, облыстық қаржы басқармасы өкілдерімен қосылып, қалалық бюджеттің салық салынатын базасын кеңейтуді қамтамасыз ету бағытында жүйелі түрде жұмыс істеуді жүктеді. Осы мақсатпен қала басшылығына жаңа табыс көздерін табу арқылы, Риддер қаласының меншікті кірісін арттыруға үлес қосатын инвестиция тарту жұмыстарын күшейту міндеті жүктелді.
Риддердің туристік әлеуетін пайдалану керек. Бұл жердегі туризм қалаға табыс әкелетін серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Жиында Нұрымбет Сақтағанов өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғаларға тоқталып өтті. Соның ішінде 2024 жылы 6 қазанда өткен АЭС құрылысы бойынша халықтың 73%-ы қолдап дауыс беру нәтижесін, сонымен қоса өңірдің даму қарқынына жаңа серпін беретін Бұқтырма көпірінің ашылуын ерекше атап өтті.
Жалпы, табиғаты әсем Риддер қаласында туристік саланы дамыту қала экономикасын әртараптандыру бағытындағы басым міндеттің бірі. Уақыт өткен сайын қала аумағындағы туристік нысандар қатарын жаңадан ашылған демалыс орындары толықтырып келеді. Сондай-ақ, бұл саладағы жоспарлы жұмыстар оң нәтижесін беруде.
Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік-даму көрсеткіштері мен алдағы жоспары туралы баяндама жасалды. Бүгінде жергілікті облыстық бюджет қоры 586 млрд тг болса, алдағы уақытта осы қаржыдан Риддер қаласын дамытуға 49 млрд тг бөлінбек. Сонымен қоса, 70 млрд тг-ден астам қаржыны кәсіпкерлік инвестиция арқылы тарту көзделуде.
Бұл бағытта ШҚО әкімі м.а Нұрымбет Сақтағанов қала әкімі мен салалық құзырлы мекемелердің басшыларына тапсырма беріп, бірқатар міндеттер жүктеді.
Бұдан бөлек, жиында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов 2025 жылдың соңына дейін қала тұрғындарының 100%-ы таза ауызсумен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Бұл Мемлекет басшысы қойған, елдегі барлық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндетіне сәйкес келеді.
Қазіргі уақытта Риддер қаласындағы барлық 9 елді мекен су жүйесімен қамтамасыз етілген. Алайда Нұрымбет Сақтағанов қаладағы барлық үйлерге орталықтандырылған су жүйесі әлі толық жеткізілмегенін атап өтті. Бұл мәселе жүзеге асырылып жатқан ағымдағы жобалар арқылы шешілетін болады.
Биыл Ботаника шағын ауданының 3-тұрғын үй аймағында су тарту жүйесін салу жобасын аяқтауға 19,5 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 5 967 метр канализация желісі салынды. Аз тұрғынды Ливино және Ульбастрой ауылдарында жергілікті тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін блок-модульді су тазарту станциялары орнатылды.
Алдағы бірнеше жыл ішінде әрбір үйді сапалы ауызсуға қосу үшін тарату желілері кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту және оларды негізгі коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету стратегиясында қойылған міндеттерді орындау жолындағы маңызды қадам.
Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұрымбет Сақтағанов көпсалалы аурухана кешенінің құрылысымен танысты. Бас дәрігер Гүлнар Кітаппаеваның айтуынша, жаңа нысан аймақтың медициналық инфрақұрылымының маңызды бөлігі болады, оның құрамында 200 кереуеттік стационар және бір ауысымда 500 келушіге арналған емхана бар. Кешеннің жалпы алаңы 37 306 шаршы метрді құрайды.
Жоба 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Емхана құрылысын 2024 жылдың желтоқсанында, ал стационарды 2025 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмыстарының жалпы сметалық құны 37,7 миллиард теңге. Қазіргі таңда 3 миллиард теңге игерілді. 2024 жылы республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлу қарастырылған.
Нұрымбет Сақтағанов құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтап, жоғары сапа деңгейін сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, жаңа аурухана кешенінің аймақ тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда маңызды қадам болатынын айтты.
Арайлым Нығметоллақызы