KZ
Өскемен
-30°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

ШҚО-да полицияның материалдық-техникалық базасы нығайып келеді

Фото Polisia.kz

Кеше, 18:15 92 Гульжан Мусина

ШҚО әкімдігі полиция қызметін қолдауға ерекше көңіл бөлуде. 2024 жылы облыстық бюджеттен 10,8 млрд теңге бөлінді. Лизингтік қаржыландыру арқылы 1,6 млрд теңгеге 135 көлік сатып алынды, 300 млн теңге нысанды киім-кешекке, 278 млн теңге жалақы үстемақысына бағытталды. Өскемен қаласында 139 млн теңгеге учаскелік пункт салынды, жаңа құрылыстар да жоспарлануда. 

Президенттің 22 қаңтарда Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында айтқан негізгі бағыттары полиция қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, балалар қауіпсіздігі, есірткі таралуына тосқауыл қою, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және полицияның сервистік моделін дамыту сынды бағыттарда нақты міндеттер қойылды. 

Президент қылмыстың алдын алу жүйесін түбегейлі қайта қарауды тапсырды. Профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру үшін тәуекел тобына жататын адамдармен жеке жұмыс жүргізу, ұсақ құқық бұзушылықтарға төзімсіздік қағидатын енгізу қажет. Бұл ретте, қоғамда заң талаптарын қатаң сақтау маңызды екені атап өтілді. 

Мемлекет басшысы отбасылық зорлық-зомбылыққа жауапкершілікті қатаңдатуды қолдай отырып, ішкі істер министрлігіне осы бағыттағы қызметкерлерді жаңа форматтағы жұмысқа дайындауды тапсырды. 

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі ерекше назарда. Профилактикалық шараларды мектептермен тығыз байланыста жүргізу және бұл жұмысқа азаматтық қоғамды тарту қажеттілігі айтылды. 

Жастар арасындағы деструктивті идеологияның таралуы алаңдаушылық туғызуда. Полиция қызметкерлеріне құқықтық нигилизмнің алдын алу және жастардың заңға құрметпен қарауын қалыптастыру міндеттелді. 

Синтетикалық есірткі таралуына тосқауыл қою үшін есірткі өндірушілер мен таратушыларға қарсы күрес күшейтіледі. Сондай-ақ интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу – басымдықтардың бірі. 

Президент полицияның сервистік моделін дамытып, қоғам сұранысына жедел әрекет етуді тапсырды. Полиция қызметкерлерінің заңдылық пен тәртіпті сақтауын қамтамасыз ете отырып, олардың оң имиджін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. 

Бүгінгі таңда Катонқарағай аудандық полиция бөлімшесі ғимаратын күрделі жөндеуге 381 млн теңгеге және Марқакөл аудандық полиция бөлімшесіне 299 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Ішкі істер министрлігіне Катонқарағай (51 бірлік) және Маркакөл (50 бірлік) аудандары бойынша қажетті штат жобасы жолданды, барлық бірлік ішкі қайта бөлу есебінен болады.

Күршім ауданы 2023 жылы Маралды ауылындағы учаскелік пунктті жөндеуге, 2 автомашина, 2 мотоцикл, 14 портативті бейнетіркегіш, 2 алкотестер сатып алуға көмек көрсетті, 3,5 млн теңге бөлінді. Ағымдағы жылы полиция бөлімінің ғимаратын жөндеуге 10 млн теңге бөлінді. Зайсан ауданында 2 автомашина мен 8 компьютер, Ұлан ауданында 6 планшет және 6 бейнетіркегіш, Тарбағатай ауданында 57 бейнебақылау камерасы, 3 планшет, 4 бейнетіркегіш, 1 компьютер және 1 ноутбук бөлінді, полиция бекетін жөндеуге 3 млн теңге бөлінді. 

Қылмыстың алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – «ішпейтін ауылдар» тәжірибесі. Ұлан ауданы Жанұзақ, Катонқарағай ауданы Көкбастау, Күршім ауданы Теректібұлақ, Тарбағатай ауданы Байтоғас ауылдарында 2023 жылы бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл бастама басқа аудандарда да жалғасын табуға тиіс. 

2024 жыл «Жол жылы» деп жарияланып, жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерін жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау жұмыстары жалғасады. 

Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау – ортақ міндет. Мемлекет басшысы қойған талаптарды орындау үшін барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. 

Жедел жиналыс полиция қызметкерлерінің тиімділігін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-шараларды белгіледі. Бұл міндеттерді іске асыру нәтижесінде қоғамда құқықтық тәртіп нығайып, азаматтардың полицияға сенімі артады деп күтілуде. 

 Ержан Әбіш

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу