KZ
Өскемен
-31°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Қарызсыз қоғам: жаңа өмір, жаңа кәсіп

Кеше, 13:15 424 Гульжан Мусина

2024 жылы Президенттің тапсырмасына орай «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша Қазақстан  тұрғындарын, әсіресе, ауыл тұрғындарын жаппай қаржылық сауаттылыққа оқыту   басталған болатын. Осы жобаға қатысқан өскемендік Құралай Мажатаева үшін асу бермес асқардай болып көрінген қиындықтарының бәрі артта қалды.

Кіріс-шығысты есептеуге үйретті

Облыс халқының қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасына көппен бірге қатысқан өскемендік Құралай Мажатаева екі жыл бұрын  отбасымен облыс орталығына  Тарбағатай ауданынан көшіп келген.

- Өскемендегі аналар чатынан тегін оқытылатын «Қарызсыз қоғам» жобасы басталғаны туралы, қаржылық сауаттылыққа оқытып, несие қарыздарын төлеудің, жаңа кәсіп ашудың жолдарын үйретіп жатқаны туралы естіп көрсетілген мекенжайға, «Құрылыс колледжіне» бардым. 20 жыл бойы балалармен үйде отырғаннан кейін бе,  алғашқы күні оқу курсы маған құр әншейін сөйлеп-сөйлеп қоя беретін сабақ сияқты болып көрінді. Олай емес екен, менторымыз Ермек Маратұлының сабақтарынан  ойымды мазалап жүрген барлық сұрақтарыма жауап таба бастадым. Ең әуелі кіріс-шығысты есептеп үйрендім, сосын қаржыны қысқа және ұзақ мерзімге жоспарлау арқылы қалай үнемдеу керектігін үйрендім. Сонымен қатар, бұл оқу курстарында тек қаржылық сауаттылыққа оқытып қана қоймай, Өскемендегі «Аманат» партиясының жанынан құқықтық көмек берілетінін  білдім. Аталған партия арқылы өзіме көмек қолын созған адвокатымның тегін көмегімен, кеңесімен басымдағы қаржылық мәселелерді шешуге кірістім. Алдымен адвокатымның көмегімен Тарбағатай ауданындағы 2016 жылдан бері жекешелендіре алмай жүрген  баспанамды жекешелендірдім, - дейді Құралай.

Құралай өзі сияқты несие алып, уақытында қайтара алмай жүрген жандарға тигізген көмегім болсын деп қаржылық сауаттылығын қалай арттырғанын, несие қарыздарын қалай мерзімінде жауып бітіргенін бастан –аяқ еш бүкпесіз, тәтпіштеп айтып берді.

Қаржылық сауаттылығын ашқан ментор Ермек Жұмағұловтың  көмегімен сегіз бала өсіріп, тәрбиелеп отырған Құралайдың отбасы екі банктен алған 1  миллион 900  мың теңге тұтынушылық несиелерін жауып қана қоймай, шағын отбасылық кәсіп көзін  тапқан. «Қарызсыз қоғам» жобасына қатыса жүріп, өзі сияқты көп балалы аналарға бизнес жоба жасап, грант алуға болатынын түсініп, «Бастау бизнес» курсын оқып, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, өзіне бұйырған 400 АЕК( 1 млн. 476 мың теңге) көлеміндегі қаржыға жаңа кәсіп ашады. Ол –клинингтік қызмет көрсету. Биыл жазда «TAZALIFE.UKA» клинингтік қызметін ашып, берілген гранттық қаржыға бесаспап автоматты шаңсорғыш, биік қабырғаларды, нысандарды өзі өрмелеп жүріп жуып-тазалайтын арнайы тазартқыш, кілем, диван жуатын шаңсорғыш, булап киім тазалау, үтіктеу құралдарын сатып алған Құралай бүгінде Өскемендегі сауда орындарының, мекемелердің ғимараттары мен қала тұрғындарының  пәтерлерін мұнтаздай етіп тазалап, табыс тауып жүр. Құралайдың жолдасы Өскемен құс фабрикасында жұмыс істейді. Жоғары сыныптарда оқып жатқан ұлдары, қызы- Нұрдана қолы бос уақыттарында аналарына көмектесіп, жанында жүреді. Ата -анасы  балаларды осылай ұқыптылыққа үйретіп, еңбекке баулып жатыр.

«Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында армандап жүрген кәсібін де ашқан Құралай осымен тоқталып қалмақ емес. Қазір ол «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушыларға шеберлік сыныптарын өткізіп, өзіндей жандарды қиындықты еңсеруге, жаңа істі бастауға құлшындырып жүр. Ол өз қызметінің аясын кеңейту үшін тендерлерге қатыспақ ниетпен мемлекеттік сатып алудың қыр -сырын оқытатын арнайы курсты оқып жатыр. Компьютерлік сауаттылық курсына да жазылып қойыпты.

«Қарызсыз қоғам» тиімділігін көрсетті

«AMANAT» партиясы ШҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркеновтың айтқанындай,  биыл облыстың барлық қалалары мен аудандарында тұрғындарды «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқытуға арналған ұйымдастыру техникаларымен, жиһаздармен  жарақтандырылған арнайы кабинеттер ашылған.  Жобаға  қатысушыларды оқытуға орай апта сайынғы оқыту кестесі жасалған.

Облыс бойынша  21 қарашаға дейін қаржылық сауаттылыққа үйрену курстарын  жоспардағы 6500  адамның орнына 6785 адам  оқыған көрінеді. Соның ішінде Өскеменде  - 1099 адам,  Риддерде (452),  Шемонаиха ауданында (834), Глубокое ауданында (716), Зайсан ауданында (832), Ұлан ауданында (707), Тарбағатай ауданында (644), Катонқарағай ауданында (399), Күршім ауданында (207) Самар ауданында (544), Алтай ауданында (351) барлығы  6785 адам бес күндік оқу кустарына қатысып, тапқан табысты қалай үнемдеп, көбейтуге болатындығы  туралы қаржылық сауаттылыққа үйренген.

Қаржылық сауаттылыққа оқыту курстары келер жылы да жалғасады.

- Бұл жоба үш жылға арналған. Біздің облыста «Қарызсыз қоғам» жобасы ақпан айынан бері іске асырылып жатыр. жылдың аяғына дейін тағы да үш-төрт топты оқытып, қатысушылардың санын 7500 ге жеткізуді көздеп отырмыз. Қалаға қарағанда ауылда жұмыс табу қиын. Сондықтан, басты назарды ауыл тұрғындарына аударып отырмыз. Жобаға Глубокое, Тарбағатай, Шемонаиха, Зайсан аудандарының тұрғындары белсене қатысып жатыр. Осы орайда жергілікті атқарушы органдарға алғысымызды айтамыз. Қазіргі күні «Аманат» партиясы «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» жобаларын қатар іске асырып жатыр. Қаржылық сауаттылығын арттыруға келген, жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарына жеңілдікпен несие беретін «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік бағдарламалар барын түсіндіріп, олардың өз кәсіптерін бастауына мүмкіндік туғызып жатырмыз, - дейді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.

Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін қалыптастыру әсіресе шалғай аудандардың тұрғындары үшін аса маңызды. «AMANAT» партиясы келер жылы Марқакөл, Үлкен нарын, Самар,  Күршім,  Катонқарағай сияқты қатысушылар саны  төмен аудандар мен жаңадан құрылған аудандар тұрғындарының «Қарызсыз қоғам» жобасына көбірек қатысуын қамтамасыз етуді көздеп отыр. 2025 жылдың 13 қаңтарынан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша қаржылық сауаттылыққа оқыту курстары  Күршім ауданында басталмақ. Былтыр аталған ауданда үш реттен бес күндік оқу курсы өткенімен тұрғындар тарапынан оған қызығушылық аз болған.

Аманбай Нұркенов келер жылы «Қарызсыз қоғам» жобасына несиелік қарыздары бар, оларды мерзімінде төлей алмай жүргендерді, қаржылық мәселелері бар, жұмыссыз жүрген азаматтарды көбірек тартуға көңіл бөлінетінін айтты. Өйткені, қазір банктер алдында қарызы бар  борышкер тұтынушылар жобаға  қатысушылардың 10 пайыздайын ғана құрап отыр. Жобаның тиімділігін арттыра түсуде де көңіл бөлуді қажет ететін тұстар бар. Соның бірі - банк алдындағы қарызын төлей алмай жүрген борышкерлерді, нағыз қолдауды күтетін азаматтарды жобаға тартудың тетіктерін жетілдіру.

- Біріншіден олардың кім екені белгісіз, оларды банктер жария ете алмайды, білген күннің өзінде күштеп жобаға қатыстыра алмаймыз. Ондай борышкерлерге тек банктер арқылы ғана қолдау көрсете аламыз. Жыл соңында екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен кездесу өткізіп, осы түйткілді мәселелерді бірлесе шешуді қолға алмақпыз.  Банктер борышкерлерді өз алаңдарында жинап берсе менторларымыз ол жерге барып та оқу курстарын жүргізе алады, банк қызметкерлері тұрғындардың несие қарызын қайтаруына  өздері де ниетті болуы керек, - дейді  «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары.

Облыста «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша қаржылық сауаттылық курстарын оқытып жатқан менторлардың бірі- Ермек Жұмағұлов алдағы жылы мектеп оқушылары мен студенттерді де қаржылық сауаттылыққа оқыту басталмақ екендігін айтады.

Жамбыл облысының Мерке ауданында қаржылық қиындықтарға тап болған тұрғындарға қолдау көрсететін «Оқу орталығы»  пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. «Балық берме, қармақ бер» қағидатына негізделген осындай орталық (қажеттілігіне қарай)  болашақта өзге өңірлерде де ашылуы мүмкін. Қарызы бар, несиесін төлей алмай жүрген тұрғындар осындай орталыққа келіп, келісім-шарт бойынша түрлі жұмыс орындарына барып, жұмыс істеп, тапқан табыстарымен қарыздарын қайтара алады. Бұл тетік те қарызы бар азаматтардың берешектерін жабуға бағытталып отырған шара.

Халық несие аларда тиімді мөлшерлеменің деңгейін түсінбей, мерзіміне және несиені қайтару шарттарына назар аудармайтыны бар, соның салдарынан несиені қайтаруда қиындықтарға кезігіп жатады. Клинингтік қызмет көрсетіп жатқан Құралай «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, несиесін кешіктірмей төлеудің есеп-қисабын үйренумен қатар, «Қазақстанда 500 қайтарымсыз қаржылық грант» беріліп келе  жатқанын да алғаш рет осы жобаны жүргізушілерден естіп білген.

«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып жатқандардың тағы бірі -Бибіхан биылғы жылдың тамызында отбасымен Қапшағайдан Өскеменге көшіп келген екен. Келген беті қаладағы мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеледі. Мансап орталығынан «Қарызсыз қоғам» жобасымен тегін қаржылық сауаттылықты арттыру курсын оқытып жатқанын естіп, ШҚУ да өткізіліп жатқан оқу курсына жазылады.

- «Отбасы банк» арқылы Өскеменнен бір бөлмелі пәтер сатып алғанмын. Қазіргі күні ипотекамды мерзімінде төлеп жатырмын. «Қарызсыз қоғам» жобасы көп нәрсеге көзімді ашты. Қаржы сарапшылары ауылда тұрып та, қалада тұрып та ақша үнемдеуге болатынын көрсетті. Оқытушы Ермек Маратұлы бізге кәсіпті қалай бастаудың жолдарын да түсіндірді. Алдағы уақытта жеке кәсіппен айналысуды көздеп отырмын. Семей қаласындағы шағын полиграфиялық өндірістің 1 000 000 теңге көлеміндегі франшизасын сатып алып, Өскеменнен осындай бизнес түрін ашуды  жоспарлап жүрмін. Бір апталық теориялық білімімді кәсіп бастаған кезде тәжірибе жүзінде қолданып,  кіріс-шығыс есептерін жүргізбекпін, - дейді Бибіхан.

Кейінгі жылдары елімізде қарызға белшесінен батып, алған несиесін төлей алмай жүрген жандар саны күрт өсті, олардың ішінде әсіресе, жастар көп.  Банкроттық деңгейінде тұрғандардың, қарызын уақытылы төлей алмай жүргендердің саны әлі азаймай келеді. Бұған қаржылық сауаттылықтың төмендігі тікелей әсер етіп отыр. Осы орайда қоғамда  «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы азаматтарды өз қаржысын тиімді басқаруға және шығындарын оңтайландыруға үйретудің маңызы айырықша.

Жанаргүл Көкенайқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу