Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың дәрігерлері гломус ісігі бар науқастарды емдеудің заманауи әдістерін сәтті орындауда. Жуықта орталықтың хирургтері пациентке екі бірдей ота жасап, ауыр дертінен айықтырды, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шемонаиха ауданының тұрғыны ауыр диагноз - бас сүйегінің қол жетпейтін қуысындағы ісіктің салдарынан бірнеше жыл бойы басы айналып, үнемі құлағы шуылдап, төртінші дәрежелі кереңдіктен зардап шегіп келген. Гломус ангиомалары - бұл қанмен белсенді түрде қамтамасыз етілетін, сирек кездесетін, бірақ өте күрделі ісіктер.
Бұл ісіктер науқастардың өмір сапасына кері әсер ететін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Зейнеткер Галина Подкорытова дәрігерлер диагноз қойып, өзіне көмектескенше біраз қиналғанын айтады.
- Құлағым ауырғанда, мен саңырау болып қала жаздадым, алдымен біздің Первомайка емханасына бардым, олар маған көмектесе алмады, мен оның үстіне сақтандырылмағанмын, сондықтан мені облыс орталығындағы ауруханаларға жіберді. Өскеменде маған бас сүйегін ашамыз, бір тамырларды кесіп, ісіктерді алып тастаймыз, бұл құлақпен енді мүлде естімейтін боласыз деп қорқытты. Мен қашып кеттім және ол жаққа қайта бармадым, бірақ жағдайым одан сайын нашарлай берді. Қызым Новосибирск қаласында тұрушы еді, алып кетіп, мені сол жердегі емханаға апарды. Ол жерде де мамандар менен бас тартты, біз бұл жерде мұндай ауруды әлі емдей алмаймыз, Санкт-Петербургке барыңыз, тек сонда ғана емдейді деп… Ондай ақшаны қайдан аламыз? Мен қайтадан Өскеменге оралдым, мамыр айында Астанаға квота бойынша баратын болып шешілді, тіпті ота жасайтын күні де белгіленген болатын. Соған іштей дайындалып жүргем. Бірде инновациялық медицина кафедрасы және Жандос Уап дәрігер туралы естігенім жақсы болды. Мен оған қаралуға келдім, ол мені тексеріп, қолдарынан келгенше көмектесетіндерін айтты, - деп есіне алды ауыл тұрғыны.
Галина Подкорытованың жағдайымен жақсы таныс, мамыр айынан желтоқсанға дейін қадағалап келген Шығыс Қазақстан денсаулық сақтау басқармасының бас сурдологы Жаннұр Төкенова күрделі науқасты емдеу тактикасын анықтауда үлкен рөл атқарды. Науқастың бас сүйегінің түбірінің қабынуы ісікке әкеліп соқты, ол операция жасауға негіз болды. Қазір әйелге бірегей заманауи әдіспен екі ота жасалды. Ісіктердің өсуін тиімді әрі қауіпсіз бақылауға және емдеу нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік беретін сұйық материалдарды пайдалана отырып, рентгендік эндоваскулярлық эмболизация қолданылды. Қарапайым сөзбен айтқанда, ангиоманы қанмен қамтамасыз ететін тамырлар желіммен желімделді.
-Рентгендік эндоваскулярлық эмболизация аз инвазивті әдіспен жасалды: ангиографтың бақылауымен тамырлар арқылы ісіктерді қоректендіретін тамыр торына катетер енгізілді. Сұйық эмболиялық материал тікелей тамырларға енгізіледі, ол жерде ол тез қатып, ісіктің қанмен қамтамасыз етілуін тоқтатады. Эмболизация науқастың өмір сүру сапасын жақсарта отырып, ауырсыну және құлақтағы шуыл сияқты белгілердің қарқындылығын тез басуға көмектеседі. Бұл әдіс әсіресе хирургиялық араласу қаупі жоғары, жету қиын аймақтарда орналасқан гломус ангиомасы бар науқастар үшін пайдалы, - деп түсіндірді облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Уап заманауи әдістің механизмін.
Науқастың жағдайы екінші отадан кейін мүлде түзелді, ең бастысы ұйықтауға кедергі келтірген құлақтың шуы басылып, есту қабілеті де жақсарды. Пациенттің дәрігерлерге деген алғысы шексіз.
- Бұл тамаша әрі заманауи бөлім. Дәрігерлердің бәрі жас, бірақ өте сауатты және талантты, білікті мамандар, кіші медициналық персоналға дейін. Мені құтқарғандары үшін барлығына алғысым шексіз. Олар менің бас сүйегімді ашпады, құлағым қазір естиді. Барлығына айтарым, біздің дәрігерлерге сену керек, олар өте білікті – олар әлемнің жетекші клиникаларында қандай операциялар жасалса, дәл сондай оталарды өзімізде де жасайды. Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болу керек, мен зейнеткерлікке шыққанша біраз қиналдым. Енді қазір мен барлық талдауларды тегін тапсырдым, зерттеулерден тегін өттім және қымбат операцияны да маған ақысыз жасады,- дейді Галина Подкорытова.
Айна Ескенқызы