Жаңа жол: қалалықтар қолайлылық пен қауіпсіздікті қолдайды
Облыс орталығындағы “ADK RIVER” ірі сауда-ойын-сауық орталығының маңында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Қазіргі уақытта қаладағы ірі сауда кешенінен Пермитин көшесіне, одан әрі айналмаға қарай шығатын бір ғана жол бар. Сол себепті, кешкі уақытта, әсіресе, айналма жолдағы қозғалыс үдеген шақта, сауда орталығына әрлі-берлі қатынайтын көліктер көп қиындыққа тап болуда.
Бұл бұрылма жолды салу әу баста нысан құрылысының бастапқы жобасында қарастырылған болатын. Алайда белгілі себептермен осы уақытқа дейін бұл бағыттағы жұмысты іске асырудың реті келмеген. Бүгінгі таңда сауда кешенінің маңындағы төте жолды салу жұмыстары меншік иесінің қаражаты есебінен атқарылып жатыр.
Жол саласының мамандары «ADK RIVER»-ден шығып, Қазақстан көшесіне қарай апаратын төте жолды салу жұмыстары бекітілген талаптарға сай, заң шеңберінде, келісілген негізде жүзеге асырылып жатқанын алға тартты.
Осы мәселе тұрғысында қала тұрғындары өз пікірлерін әлеуметтік желіде де, құрылыс маңында да білдіруде. Тұрғындар айтуынша қаланың қақ ортасында орналасқан осындай ірі нысан маңайындағы емін-еркін қозғалысты қамтамасыз ететін шығу жолдарының болғаны халық көптен күткен қолайлылық.
- Жол қозғалысына, халыққа қолайлы болады. Енді кептеліс азаяды. Қазір енді бір бағыт, нысаннан шығып алып, айналып қалың кептелісте тұрамыз. Енді мынадан төте жол салынса, елдердің жүріп-тұруына қолайлы болады. Жақсы болар еді, - дейді Айдын есімді қала тұрғыны.
Ал ШҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі аталмыш сауда орнының маңындағы жолдың құрылыс жұмыстары толық аяқталып біткен соң, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін арнайы техникамен барып тексеріп қабылдайтындарын жеткізді.
Сонымен қатар, көпшілік күн суытқан кезде жол салу жұмыстарының жүргізілуіне назар аударған еді. Осы мәселе тұрғысында жауапты мамандар алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады. Себебі бұл жердегі жолды салуға күн суықта да асфальт жабындысын төсеуге болатын арнайы технология қолданылған.
Жаңа жол - жаңа бағыт, қалалықтар бұл қауіпсіздік үшін де аса маңызды екенін алға тартуда. Өйткені, кей қалалар мен көршілес елдерде орын алған небір оқыс оқиғалар халық көп жиналатын нысандарда төтенше жағдай бола қалса іркілмей шығар жолдардың көп болғаны ауадай қажет екенін көрсетті.
Арайлым Нығметоллақызы