KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 2 м/с, Ю
530.12 546.08 5.17

Оңтүстіктен шығысқа көш келеді

7.12.2024, 15:00 65 Гульжан Мусина

Бүгінгі таңда шекара шебіндегі ауылдарды адамға толтыру өңірдегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Сол себепті ішкі миграцияны ретке келтіру үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта көшіп келер қандастардың қатары да сиреп қалған тәрізді. Сондықтан да жергілікті билік пен қоғам белсенділері ендігі кезекте оңтүстіктен шығысқа көш жолын салуды қолға алып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz.

Шығыстың байтақ даласының табиғаты бай, адамы аз. Әсіресе соңғы жылдары қалаға бет түзеген тұрғындардың саны артып, шалғайдағы ауылдар жалаңаштанып барады. Шекара шебіндегі ауылдардың бос қалуы мемлекет қауіпсіздігі тұрғысынан да өзекті мәселеге айналып отыр. Сол себепті елімізде көші-қон заңына өзгерістер енгізіліп, жыл сайын мемлекет тарапынан берілер көмектің көлемі артып келеді. Тәуелсіздік алған тұста басталған шеттен келер қандастар көші әлі күнге жалғасып келе жатса, соңғы жылдары оңтүстіктен – солтүстікке, оңтүстіктен – шығысқа бет түзеген «Ұлы көш» басталды. Осы көштің басын Шығыс Қазақстан облысына қарай бұрып, шекара шебіндегі Күршім, Марқакөл аудандарына адам қоныстандыру үшін жергілікті билік тарапынан жұмыстар атқарылуда. Осындай мақсатта облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілдері мен белсенділерден құралған топ көктемде Түркістан облысына және Шымкент шаһарына барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қайтқан болатын. Шығыстың байтақ даласы туралы ақпаратты сөзбен естіген оңтүстік тұрғындары оны көзбен көруге, арнайы жер шала келіпті.

– Көктемде бір топ делегация көші-қон жайын түсіндіру үшін Шымкент шаһарына, Түркістан облысына барып қайтқан болатынбыз. Енді міне, Шығыс өңіріне көшуге ниетті Оңтүстіктің 30-ға жуық адамы жер шалып келіп отыр. Біз оларды бастап, жұмыс күші тапшы Күршім және Марқакөл аудандарын аралатып қайттық. Аудан орталықтарында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіздік. Оларға ауылдардағы бос үйлерді де көрсеттік, ауылдармен таныстырдық. Өңірімізге көшіп келушілерге мемлекет тарапынан бірнеше сатылы көмек те көрсетіледі. Осылай шалғайдағы ауылдарға көптеп адам қоныстандыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз, – дейді облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Әсел Қайырбекова.

Ел мен жерден пана таппай босқан заман да басымыздан өткен. Оның қасында тәуелсіз ел ішінде көшіп-қону деген бақыт екен ғой деген ой түйдік. Себебі жер шала келген ағайынды ауылдағы жұрт шашуын шашып, әуезді ән-күйімен қарсы алды. Осылай көшіп келемін деген ағайынға құшақ ашық, ниет түзу екенін көрсетті.

Күршімдіктер көштің алдынан шықты

Елге ел қосылса екен деген ниетпен екі автобусқа мінген жолаушылардың сапарына біз де ілескенбіз. Бізбен бірге Күршім мен Марқакөл десе жүрегін жұлып берер жанашыр жандар да атқа қонған. Ол қатарда өңірге танымал өнер майталмандары, әншілер Нәбиолда Кемешев, Айдар Жақыпов және өңірден шыққан кәсіпкер азаматтар бар. Бірінің қолында баян, бірінің қолында домбыра. Қонақ үйден қозғала бере Нәбиолда Кемешев ақсақал тікесінен тік тұрып қала тарихын, жердің жайын баяндап бастады. Ары қарай жол бойы төгілдіріп күй шертті, шырқатып ән салды. Тіпті, ел мен жердің тарихын, тағдырын, өткенін әнмен-ақ баяндап бергендей болды. Осы бір кең пейіл, ақ көңілді көрген оңтүстіктен келген ағайындар жайдарланып сала берді.

Жол бойы тамаша табиғатқа тамсанып, паромның да өзіндік ерекшелігін көріп барған қоныс аударушыларды күршімдіктер Көкжал Барақ ескерткішінің алдында шашуын шашып, әнін шырқап қарсы алды. Осы бір қонақжайлық танытқан жөн-жоралғыдан кейін бірден бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді.

– Күршім аумағында жеті ауылдық округ, 21 елді мекен бар. Қазір аудан бойынша 45 жұмыс орны бос тұр. Әсіресе, білім, медицина және ауыл шаруашылығы саласының мамандары тапшы. Оңтүстіктен келген қонақтарды ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырып, аудандағы кәсіп түрлерін де көрсеттік. Өңірге қоныс аударуға дайынмын деген азаматтарды жұмысқа орналастырып, жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Біз өзімізде бар мүмкіндікті ұсынамыз, таңдауды өздері жасайтын болады. Қай ауылға қоныстанам десе де елдің құшағы ашық, жері кең, – дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Роллан Нұрланұлы.

Елімізде қоныс аударушыларға көрсетілер бірнеше сатылы көмек бар. Қоныс аударуға берілетін бір реттік субсидия биыл 70 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни 258 440 теңге. Бұл отбасындағы әрбір адамға берілетін төлем. Ал экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызын өтейді. Тек бұл сертификат құны 4 282 720 теңгеден аспайтын баспана алуға беріледі. Мемлекет тарапынан берілер бұл көмекті көшіп келген кез келген адамның алуға мүмкіндігі бар. Биыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша шекара шебіндегі аудандарға квота көбірек бөлініп отыр.

Жол-жөнекей қоныс аударуды көздеп келген оңтүстіктің тұрғындарымен кезек-кезек әңгімелесіп, ой-пікірлерін де біле отырдық.

– Оңтүстік өңірде халық тығыз орналасқандықтан мал бағуға жер жетпей жатады. Сондықтан да Шығыс аймаққа жер шалып келдік. Осында көшіп келіп, мал бақсақ, кәсіп қылсақ деген мақсат бар. Бір жағы еліміздің шекарасын адаммен толтырып, Отанымыздың бір шетіне қалқан болсақ деген ой бар. Мен өзім медбикемін әрі көпбалалы анамын. Мамандығым бойынша бұл өңірден жұмыс көп табылады екен. Бұл жолы келген әр адамның артында 5-6 отбасыдан тосып отыр. Шығыстың халқы да, табиғаты да керемет екен. Барған соң ағайынмен ақылдасып, көшіп келермін деген шешімге келдім, – дейді оңтүстіктен келген қонақтардың бірі Нұрсалима Нұрайла.

Бір күн бойы Күршім ауданымен танысып, ауылдарын аралаған қоныс аударушылардың біразы сонда қалуға шешім қабылдады. Осыдан кейін оңтүстіктен келген қонақтар Марқакөл ауданына ат басын бұрды.

Марқакөлге деген қызығушылық жоғары

Көшбасшымыз алдымен Ақбұлақ ауылына ат басын бұрған. Өйткені ауылын адамға толтырсам деп жүрген жанашыр азамат, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров бұған дейін бес отбасын көшіріп әкеліп, Ақбұлақ ауылына қоныстандырыпты. Қоныс аударушылардың тағы бір шоғырын көшіріп әкелсем деп жанталасып жүр. Ауыл тұрғындары сол баяғы шашуын шашып, етін асып қарсы алды. Ауыл тұрғындары 20-ға жуық үй дайын тұрғанын айтты. Кәсіпкер ол үйлердің қашасын жөндеп, қора-қопсысын ретке келтіріп қойған. Ауылға медицина маманы, мектепке мұғалім қажет екендігін айтты. Сондай-ақ ауыл аумағындағы «ГРК МЛД» компаниясы 25 адамды жұмыспен қамтымақ.

– Біз ауыл бос қалды деп өкіметке қарап отырмауымыз керек. Бизнес, билік, қоғам үш тарап бірігіп жұмыс істеу керек. Сонда ғана ауылды сақтап қала аламыз. Біз былтырдан бері осындай мақсатта жұмыс істеп келеміз. Мен өзім туған Ақбұлақ ауылын сақтап қалуға атсалысып жүрмін. Ақбұлақ ауылы мал бағуға да, егін егуге де қолайлы ауылдардың бірі. Ауылда медициналық пункт, мектеп және балабақша бар. Бос жатқан жер, тұрғын үй қоры бар. Нақтырақ айтқанда, қазірдің өзінде 20-ға жуық үй дайын тұр. Жұмыс орны да бар. Ауданымыздағы «ГРК МЛД» компаниясы 25 адамды жұмыспен қамтуға келісім беріп отыр. Көшіп келемін деген адамға мүмкіндік көп, ауылдың әлеуеті жоғары. Ауылға көптеген отбасы көшіп келсе, жұмыс орны да арта түспек. Біз бұл жұмысты әлі де жалғастыра беретін боламыз, – дейді Ақбұлақ ауылының тумасы, кәсіпкер Бауыржан Жауғашаров.

Ауылына көш бастап барған кәсіпкер бос үйлерді көрсетіп, біразына өзі жөндеу жұмыстарын істеп қойғанын да айтты. Осыдан кейін Марқакөл ауданының орталығына барған оңтүстік тұрғындары барлық ауылдардағы бос жұмыс орындары жайлы ақпарат алып, өңірдің тыныс-тіршілігімен кеңірек танысты.

– Бұл аудан жаңа ашылып жатқандықтан бізде бос жұмыс орны өте көп. Қазірдің өзінде 70-ке жуық бос жұмыс орны бар. Ауданға қарасты барлық ауылдардағы жұмыс берушілер бүгінгі бос жұмыс орны жәрмеңкесіне қатысып отыр. Оңтүстіктен келген ағайындар келіп қоныстанса, кәсіптің әр түрін дөңгелетіп кетуге мүмкіндік бар. Соның ішінде туризм саласын дамытуға мүмкіншілік өте жоғары. Ал мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытам деген адамға жер жеткілікті. Біз бар мүмкіндікті көрсеттік, енді көшіп келемін деген адамды құшақ жая қарсы алуға дайынбыз, – дейді Марқакөл ауданының әкімі Рүстем Кемешев.

Иә, осылай оңтүстіктің отыздан астам тұрғыны екі күн бойы шығыстың ауылдарын аралап, іштей бағалап қайтты. Түпкі мақсат шекара шебін шегендеу екенін де түсінді. Шығыс елінің кең пейілін, байтақ жерін көрді. Бірі туризмді түлеткісі келетінін айтса, бірі егін салсам деген ойын ортаға салды. Мамандығымның қызығын көрсем дегендер де көп болды. Шығыс жұрты қай кәсіпті бастасаң да қолыңнан қақпаймыз, қоныс қылсаң жеріміз де, пейіліміз де кең дегенді айтты. Екі күн бірге жортқан біз бұл көш байсалды болар деген нық сеніммен қайттық. 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу