Зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер қайда барады?

Фото: pexels.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Ондағы мақсат – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттің алдын алу, жазаны күшейту.
«Енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты», делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Заңға әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» 2023 жылдың 29 маусымындағы № 263 бұйрығына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына дағдарыс орталықтарында кепілдендірілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Өскемен қаласында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы өтуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға көмек көрсету және осындай жағдайлардың алдын алу.
Акция аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, зорлық-зомбылық құрбандары мен куәгерлеріне заңды және психологиялық көмек көрсету ұйымдастырылады.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, төмендегі сенім телефондарына тәулік бойы хабарласа аласыз: 102 – Полиция басқармасының байланыс орталығы, 111 – Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық сенім телефоны, 150 – Психологиялық қолдау және жедел көмек қызметі.
Өскемен қаласы әкімдігінің «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудің қалалық аумақтық орталығы» КММ жанындағы әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі.
Мекеме тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға уақтылы көмек көрсету үшін 2006 жылы ашылған. Бөлімшеде алты айға дейін уақытша тұруға арналған 18 төсек-орындық баспана, күндізгі бөлімше, консультациялық пункт бар. Сонымен қатар бұл жерге келген адамға құқық қорғау органдары да құқықтық көмек көрсетіп, қорғауға жәрдемдеседі. Сенім телефондары: 8 771 445 11 44; 8 7232 77 19 22.
2023 жылдың 17 мамырында «Алтай ауданының аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ жанынан бес төсек-орындық баспанасы бар дағдарыстық жағдайларды шешуге көмектесетін әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімшесі ашылды.
Консультациялық кабинетке жүгінген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі және әртүрлі отбасылық мәселелерді шешуде кеңес беріледі.
Алтай ауданының жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы кездесулер және психологиялық тренингтер өткізеді. Қазір орталық өз жұмыс істеп тұр. Сенім телефоны: 8 7233 57 80 71.
2023 жылдың қазан айынан бастап Шемонайха ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға арналған сегіз төсек-орындық дағдарыс орталығы жұмыс істейді.
Аталған жоба мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылды. Орталықта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары мен жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл жоба биыл да жалғасатын болады.
Облыстық әкімдіктің 2023 жылғы 21 желтоқсандағы №300 қаулысына сәйкес облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты облыстық «Жанұя» отбасын қолдау орталығы құрылды.
Орталықтың штатында барлығы 35 адам бар. Оның ішінде тоғыз маман облыстық деңгейде, қалғандары қала-аудандарға бекітілген. Әр қала мен ауданға екі психолог маман және әлеуметтік қызметкер бөлінді. Олар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде қабылдайды.
Аталған орталықтың мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен, өмірде қиын жағдайларға тап болған адамдарға (отбасыларға) психологиялық көмек көрсетіп, қолдау таныту.
Қазір облыстың басқа аудандарында да зорлық-зомбылық мәселелерін шешу бойынша орталықтар ашу қарастырылуда.
Жалпы алғанда, былтыр барлығы 90 адам (соның ішінде 62 бала) дағдарыс орталықтарына көмекке жүгінген. Бұл бағыттағы жұмыстар салалық басқарманың бақылауына алынған.
Жастар «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбында пікірталас өткізді
Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасындағы жастар орталығында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты дөңгелек үстел өтті.
25 қараша күні БҰҰ-ның 1999 жылы қабылдаған шешіміне сәйкес, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні атап өтіледі. Осыған орай, 26 қарашада Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының жастар орталығында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, Шығыс Қазақстан облысының талдау және болжау институтының жетекшісі Аяужан Ашимова қатысты.
Шара барысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін шешуде қоғамның бірлескен күш-жігерінің маңыздылығы ерекше аталып өтті. Қатысушылар гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын қорғау үшін нақты іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін талқылады.
Айта кету керек, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдар мен шаралар «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында өткізіледі.
Айна Ескенқызы