Экологиялық-медициналық-биологиялық мониторинг жүргізуді қолға алуда
Бүгінде Шығыс Қазақстан көптеген антропогендік факторларға ұшырап отыр. Атмосфераға жыл сайын 400 мың тоннадан астам зиянды заттар шығарылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экологиялық мәселелерді шешу мақсатында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Гүлназ Садықанова халықтың денсаулық көрсеткіштері мен қоршаған ортаның ластануын Геоақпараттық технологияларын қолдана отырып сапалы экологиялық-медициналық-биологиялық мониторинг жүргізуді ұсынады. Барлық алынған дерек интерактивті картографиялық Атласқа жүктеледі.
Атласта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде экологиялық және медициналық мәліметтерді қамтитын электронды деректер қоры болады. Бүгінгі күні ғалымдар тобы Гүлназ Садықанованың басшылығымен корреляциялық және регрессиялық талдау жұмыстарын жүргізуде.
ШҚУ профессоры бұл күрделі жобаны жүзеге асыруға тек ғылыми қызығушылығы ғана емес, жеке басының себептері де ықпал еткенін атап өтті. Өскеменде 30 жылдан астам тұрып келе жатқан ол, кенеттен пайда болатын аллергиялық жөтел, мұрынның ашуы немесе тамақтың қатты қышуы сияқты жағдайларды жақсы біледі.
Айта кетейік, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бұл алғашқы ғылыми-зерттеу жобасы емес. Математика ғылымдарының кандидаты Мұратқан Мадияров ауа сапасын бағалауға арналған бұлтты қызметті әзірлеуде.
Бұл сервис бөлшекті-стохастикалық теңдеулер негізінде құрылып, «SaaS бағдарламалық қамту» үлгісін қолданады.
Оның айтуынша, бұлтты сервис экологияда қолданылатын ақпараттық технологиялар саласындағы еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін жоғарылатады.
Сонымен қатар, деректер базасы мемлекеттегі экологиялық мониторинг жүйесінің тиімділігін едәуір арттырады.