KZ
Өскемен
-19°
плотный туман Штиль
526.11 542.31 4.76

Жыл қорытындысы: Зайсан ауданының туристік маршруты

Фото: Жасанды интеллект

15.12.2024, 18:00 114 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында экономика диверсификациясы мен инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жұмыстар белсенді жүргізілуде. Ауданда тоғыз танымал туристік нысан бар, жаңа нысандар, кемпингтер, экологиялық кешендер мен жол бойы қызмет көрсету объектілерін салу жоспарлануда. Биылғы жылдың соңына дейін Зайсан ауданының 98 көпбалалы және әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларына тұрғын үй берілмек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылы «Жол жылы» аясында облыстық және аудандық жолдарды жөндеуге бөлінген қаржы екі есеге артты. Зайсан ауданында 50 шақырымнан астам жол жөнделіп, Омск – Майқапшагай – Шілік – Ақжар жолының 12,5 шақырымы қайта жасалды. Сонымен қатар, елді мекендердегі 26,2 шақырым көшелер де жөнделген.

2025 жылы аудан орталығында Сатпай әуежайының орнына жаңа әуежай салу жоспарлануда. Бұл жобаны «Казаэронавигация» жүзеге асыратын болады. Зайсан ауданындағы өнеркәсіптің жалпы көлемі 5,3 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 54,8%-ы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Аудандағы негізгі сала – табиғи газ өндіру, ол жалпы өнімнің 88,6%-ын құрайды. Өңдеуші өнеркәсіп үлесі – 25%. Аудандағы азық-түлік өнімдері 1 миллиард теңгені құрады, оның ішінде газдалған сусындар да бар.

Ұлттық инвестициялық жобалар пулында 7,4 млрд теңге көлемінде екі ірі жоба жоспарланған: 6,2 млрд теңгеге «Майқапшагай» өткізу пункті жанынан көлік-логистикалық орталық салу (2026 жылы аяқталуы жоспарланған) және «Saur Tau» демалыс базасында екі қабатты корпус салу (1,2 млрд теңге, 2025 жылы аяқталуы жоспарланған). Бұл жобалар ауданның туризмін дамыту және экономикасын диверсификациялау үшін маңызды болмақ.

Нұрымбет Сақтағанов: «Өнім өндіру - экономиканың негізгі қозғалтқышы»

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданына жұмыс сапары аясында Айнабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол облыстың экономикалық жетістіктері мен Зайсан ауданының қазіргі жағдайына қатысты мәселелерді талқылады.

Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданы облыстағы маңызды өңірлердің бірі болса да аудандағы экономикалық көрсеткіштер оның даму әлеуетіне сәйкес келмей отырғандығын айтты. Мәселен, аудан құрылыс жұмыстарының 7,9%-ын (19,1 млрд теңге), ауыл шаруашылығы өнімінің 6,2%-ын (18 млрд теңге), жеке инвестициялардың 5,4%-ын (17,7 млрд теңге) және тұрғын үйді пайдалануға берудің 3,1%-ын (6340 шаршы метр) қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, шағын бизнес кәсіпорындарының үлесі – 1,9% (170 кәсіпорын), бөлшек тауар айналымы – 1,3% (11,1 млрд теңге), ал өнеркәсіп – небәрі 0,3%-ды (5,3 млрд теңге) құрайды. 

- Бұл көрсеткіштер ауданның даму әлеуетін толық көрсетпейді. Мұндай жағдай жүйелі әрі үйлесімді жұмыстың болмауынан немесе жұмыс бағыттарын дұрыс түсінбеуден туындауы мүмкін. Қазіргі таңда біз осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, нақты іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз, – деді ол. 

2029 жылға дейінгі Зайсан ауданының даму жоспары аясында 46,9 млрд теңге бюджет қаражатын және 249,3 млрд теңге жеке инвестицияларды тарту көзделген. Мемлекеттік және жеке инвестициялардың ара қатынасы – 1/5,3, яғни әрбір мемлекеттік теңгеге 5,3 теңге жеке инвестиция тартылуы тиіс. 

- Біздің міндетіміз – Президенттің 2029 жылға қарай экономиканы екі есе өсіру тапсырмасын орындау. Бұл жыл сайын 6-7% өсімді қамтамасыз етуді талап етеді. Нәтижесінде бұл шаралар халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталады. Біз нақты сектордағы резервтер мен экономикалық өсім мүмкіндіктерін анықтау үшін тұрғындармен және кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесіп, кеңес өткізіп отырмыз, – деп атап өтті облыс әкімнің бірінші орынбасары. 

Нақты сектордың маңыздылығына тоқталған Нұрымбет Аманұлы:

- Адам жер жыртып, егін ексе, ол да нақты сектордың бір бөлігі. Бұл жанармай шығыны, еңбек күші және уақытты қажет етеді. Ал нәтижесінде өнім өндіру – экономиканың негізгі қозғалтқышы - деді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зайсан ауданы әкіміне облыстық басқармалармен бірлесе отырып, даму жоспарының сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл қадам ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.

Зайсан ауданында туризмді дамыту: мүмкіндіктер мен мәселелер

Зайсан ауданының экономикасын әртараптандыру үшін туризмді дамыту басты бағыттардың бірі болуы тиіс. Шағын және орта бизнес туризмге ықпал ете алады және бұл халықтың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл туралы ауданға жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Айнабұлақ ауылында тұрғындармен кездесу барысында айтты. 

Аудандағы туризм инфрақұрылымын дамыту ісі кең көлемде қолға алынбақ. Қазіргі таңда Зайсанда тоғыз танымал туристік орын бар, 2024 жылы «Saur Tau» демалыс базасында екі қабатты корпус салынбақ. Бірінші орынбасардың айтуынша, бұдан бөлек, Айнабұлақ пен Қаратал ауылдарында 2025 жылы кемпингтер, Дайыр ауылында экологиялық ауыл, Зайсан қаласында мейрамхана-қонақ үй кешені және Арасан-Талдыда демалыс аймағы құрылатын болады.

Нұрымбет Аманұлы бизнес өкілдерінің туристік салада еркін жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айтты. Бұл ретте Зайсан ауданында 2 санитарлық-гигиеналық торап салу, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту қолға алынуда. Ол әр аудан және ауыл әкімдеріне, келген туристке қолайлы жағдай жасап, экономиканың өсуіне үлес қосуға шақырды. Әрбір әкімнің міндеті — жергілікті сауда мен қызмет көрсету салаларын дамытып, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау. 

Зайсан ауданының туризмді дамыту әлеуеті жоғары болғанымен, салаға қажет қызмет көрсету мәдениетін арттыру ақсап келеді дейді мамандар. Бұл тұрғыда аудан-облыс болып шаралар қабылдануда. Облыстық жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытудың дуалды жүйесі енгізіліп, туризм мамандарына ас әзірлеу, бөлмелерді тазалау және сервистік қызмет көрсету бойынша білім беріле бастады.

Айта кету керек, Шығыстың табиғаты мен кәсіби медицинасы өңірде медициналық және санаторлық туризмді де дамытуға мүмкіндік береді. Облыстық онкология орталығы өз кезегінде республика мен шет елдерден емделушілерді қабылдауды бастады. Бұл жаңа бағыт аймақтың денсаулық сақтау саласының дамуына ықпал етіп, облысқа қосымша табыс әкелмек. 

Зайсандықтардың өзекті мәселелері тыңдалды

Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов әр азаматты толғандыратын өзекті мәселелерді, түйткілді сұрақтарды тыңдап, аталған бағыттарда атқарылып жатқан нақты істер айтылды. Инфрақұрылымды дамыту, интернет қолжетімділігі, су тасқынына дайындық және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. 

Зайсан ауданындағы халықтың 86,5 пайызы кең жолақты интернет желісімен қамтылғанымен, 20 ауылдан мобильді интернеттің жетіспеушілігі мен төмен жылдамдығына шағымдар келіп түсті. Жалшы, Шілікті және Жаңатұрмыс ауылдарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ал Ақарал ауылында «Кар Тел» ЖШС қондырғысы орнатылмақ. Ауданның қалған ауылдарында интернет мәселесін шешу үшін операторлармен жұмыс жалғасуда. Мақсат – облыс аумағын 2027 жылға дейін интернетпен толықтай қамту, ал Зайсан ауданында бұл жұмысты екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

– Жол бойындағы ғаламтормен қамту мәселесі Зайсан үшін де өзекті. Күні кеше Тарбағатайда бұл туралы айтқан еді. Зайсанда да туристер мен облыс тұрғындары жолда интернет пен байланыстың жоқтығына жиі наразылық білдіреді. Мәселе бақылауға алынды. Антенна-діңгектік құрылым салуға сараптама жұмыстарының оң нәтижесін алдық. Бұл мәселе 2024 жылдың соңына дейін шешілмек, - деді аймақ басшысының бірінші орынбасары Н.Сақтағанов. 

Көкейдегі келесі мәселе - су тасқыны қаупінің алдын алу. Нұрымбет Сақтағанов бұл мақсатта аудан көлемінде 8 ірі жоба жүзеге асырылғандығына тоқталды.

– Бөгеттерді қалпына келтіру, өзен арналарын тереңдету сияқты жұмыстар уақытында атқарылғандықтан, аудан биыл су тасқынынан аман қалды. Алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық үшін жазғы-күзгі кезеңде 8,5 млн теңгеге қосымша шаралар қолға алынуда, - деп қосты ол.

Сондай-ақ, экологиялық ахуалды жақсарта түсу мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға шақыру мен халықтың мәдениетін арттыру жұмыстары қолға алынған. Зайсан ауданы бойынша ескі ғимараттарды бұзып, аумақты абаттандыруға және көшелерді жарықтандыруға да баса назар аударылып отыр. Бұл шаралар тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізбек.

«Бір қабатты Шығыс»: Айнабұлақ ауылында 12 баспана берілмек

Шығыс Қазақстан облысында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған бұл жоба көптеген азаматтарға өз үйлеріне қол жеткізуге мүмкіндік беруде.  12 үйдің барлығы көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға беріледі деп жоспарланған.

- Халықты, әсіресе ауыл тұрғындарын баспанамен қамту – өңірдің маңызды және басым мақсаттарының бірі. Бұл бағдарлама арқылы ауылдық жерлерде тұрмыс жағдайын жақсартып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік аламыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы 2020 жылы іске қосылған және жеке серіктестерден тұрғын үйлерді сатып алып, мұқтаж азаматтарға тарату жүйесі негізінде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында ауылдық аймақтарда көптеген жаңа үйлер бой көтеруде, бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етері сөзсіз.

Аталған бағдарлама шеңберінде салынған үйлер қазіргі заманғы стандарттарға сай келетін сапалы құрылыс материалдары мен жайлы жағдайларды қамтамасыз етіп отыр. Жаңа үйлердің құрылысы ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын да ашып, жергілікті эәлеуметтік тынысқа серпін беруде.

Зайсан ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар үшін 1,8 млрд. теңгеге 98 пәтер (бір қабатты үйлер - 1 200,8 млн. теңгеге 68 пәтер, Зайсан қаласында - 644 млн. теңгеге 30 пәтер), оның ішінде Айнабұлақ ауылында - 207 млн. теңгеге 12 пәтер салынуда.

Жыл қорытындысы бойынша 98 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда (көпбалалы отбасылар - 20, халықтың әлеуметтік осал топтары - 78).

Туризмді дамытудағы жаңа жоба – «Жібек Жолы» кэмпингі Зайсанда салынуда

Туризм саласын қарқынды дамытуға қауқары мол Зайсан ауданының «Омбы – Майқапшағай» автожолы бойында «Жібек Жолы» кэмпингі салынып жатыр. Жоба Айнабұлақ ауылында орналасқан және өңірге келетін саяхатшылар мен жүргізушілерге қолайлы демалыс орнын ұсынуды көздейді.

- Шығыс Қазақстан облысының туризм әлеуеті зор. Бұл өңірдің табиғаты бай әрі алуан түрлі, сондықтан туризмді дамытуға бағытталған осындай жобалар аймақ экономикасына оң әсер етіп, саяхатшыларды көптеп тартуға ықпал етеді. Туристік инфрақұрылымды дамыту арқылы өңірге келушілер санын арттырып, жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу маңызды, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

2024 жылы басталған кэмпинг құрылысын келесі 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Жобаның инвесторы – «Пушпаков» жеке кәсіпкерлігі, барлық шығындар өз қаражаттары есебінен жүзеге асырылуда. Бұл кэмпингте жол бойындағы дәмхана, банкет залы бар қонақ үй, санитарлық-гигиеналық блок, жүк көліктеріне арналған автосервис сынды қызметтер қарастырылған.

Шығыс Қазақстан облысы өзінің ерекше табиғатымен және тарихи мұраларымен танымал, бұл аймақтың туризм саласында үлкен әлеуеті бар екенін көрсетеді. Аймақтағы таулар, өзендер мен көлдер, сондай-ақ ұлттық саябақтар көптеген туристерді қызықтыра алады.

«Жібек Жолы» кэмпингі сынды нысандардың ашылуы аймақтағы туристік қызмет сапасын жақсартуға және саяхатшылардың сұранысын өтеуге бағытталған. Бұл бастама, әсіресе, халықаралық автожол бойында орналасқандықтан, Қазақстанға көршілес елдерден келетін туристерге де жайлы жағдай тудырмақ. Туризмді қолдау және дамыту арқылы Шығыс Қазақстанның экономикасы нығайып, жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары құрылмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу