Сүйіспеншілікпен жасалған
Үлбі металлургиялық зауытының 75 жылдық мерейтойына арналған көркем-қолданбалы шығармашылық байқауына ұсынылған экспонаттардың бірінің сәнді биркасында дәл осылай жазылған.
28 үлбіліктің жұмыстары ҮМЗ Көрме-ақпараттық орталығында (КАО) орналастырылды. Барлығы келіп, көре алады. Көрме қыркүйек айында ашылып, оған жүздеген адам – зауыт жұмысшылары, лауазымды тұлғалар, мерейтоймен құттықтауға келген қонақтар, серіктестер, оқушылар мен студенттер келді. «Шығармашылық атмосфераға ену көп уақытты қажет етпейді, бірақ ұзақ есте қалады», – дейді келушілердің бірі.
Айта кету керек, зауытта көркем-қолданбалы шығармашылық көрмелер мен байқауларды өткізу идеясының авторы – ҮМЗ-нің ардагері Светлана Мордвинова. Бүгінде зейнетте болса да ол көрмелерге қуана келіп тұрады.
Көрнекті экспонаттардың бірі «75» сандарының инсталляциясы болды. Оның авторы – экспорттық келісімдер бөлімінің аудармашысы Вера Пятышина. Қонақтар оның жанында естелік фотоға түседі.
Ұсынылған жұмыстардың жасалу техникалары сан алуан. Юлия Труфанованың (тантал өндірісі) қағаз шыбықтардан жасалған диірмені, Полина Короткованың (экспорттық келісім бөлімі) тоқылған асқабақтары, Антон Зонбергтің (бериллий өндірісі) пирография әдісімен (күйдіру) әзірленген «Кеме» панносы, Айнұр Қайназарованың (ғылыми орталық) қарақшы қуыршағы, сондай-ақ кестелеп тігу, киіз басу, ағаш ою, кендірден жасалған бұйымдар бар. Ұлттық нақыштағы жұмыстар да қызықты. Меруерт Ахмадиева (іс жүргізуді басқару бөлімі) ою-өрнекті майлықтарды, Асқар Чукенов (уран өндірісі) жұбайымен бірге тіккен көпшікті ұсынды, Алена Константинованың (КАО) қазақи өрнектермен кестеленген жастықтары керемет көрінеді.
Уақыт өткен сайын қатысушылардың шеберлігі де артып келеді. Наталья Мацнева (уран өндірісі) 70 жылдық мерейтой байқауында сурет салынған тастарды ұсынған, ал осы мерейтойға «Терра» атты жаңа техниканы игерді. Табиғи материалдардан жасалған паннолар кез-келген интерьерге үйлеседі.
Қазылар алқасының мүшесі ретінде облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы директорының экспозициялық-көрме жұмысы жөніндегі орынбасары Евгения Рахматуллина шақырылды.
Байқау қорытындысы зауыттың мерейтойына қарай 29 қазанда шығарылады. Оған дейін зауыт жұмысшыларының көрмесі жаңа қонақтарды қарсы ала бермек. ҮМЗ Көрме-ақпараттық орталығында әлі де көптеген қызықты дүниелер бар.
Анна Чумина