KZ
Өскемен
-12°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Сүйіспеншілікпен жасалған: ҮМЗ-де шығармашылық көрме-байқау өтіп жатыр  

16.10.2024, 11:30 90 Ержан Әбіш

«Үлбі металлургиялық зауытының» 75 жылдық мерейтойына арналған көркем-қолданбалы шығармашылық байқауына ұсынылған экспонаттардың бірінің сәндік биркасында дәл осылай жазылған.

28 үлбіліктің жұмыстары ҮМЗ Көрме-ақпараттық орталығында (КАО) орналастырылды. Барлығы келіп, көре алады. Көрме қыркүйек айында ашылып, оған жүздеген адам – зауыт жұмысшыларының өздері, жоғары мемлекеттік тұлғалар, мерейтоймен құттықтауға келген кәсіпорын қонақтары, серіктестер, оқушылар мен студенттер келді. «Шығармашылық атмосфераға ену көп уақытты қажет етпейді, бірақ ұзақ уақыт есте қалады», – деп атап өтті келушілердің бірі.

Айта кету керек, зауытта көркем-қолданбалы шығармашылық көрмелер мен байқауларды өткізудің идеялық шабыттандырушысы ҮМЗ еңбек сіңірген қызметкері Светлана Мордвинова болды. Бүгінде зейнетте болса да, көрмеге қуана келіп тұрады.    

– Бұл іс-шараны КАО мерейтойлық жылдары өткізіп тұрады, біз бұл жобаны зауыттың 65 жылдығында бастадық. Міне, үшінші бесжылдық болды, байқау кәсіпорынның шеберлерін біріктіруде. Біздің қызметкерлер күнделікті өмірдегі сұлулықты көре алатыны және бұл сұлулықты әлемге паш етуі қуантарлық жайт. Бұл көрме оларды жұмыста ғана емес, сонымен қатар қолданбалы шығармашылықта да жетістікке жеткен адамдар ретінде көрсетеді, – дейді Светлана Николаевна.

Көрнекті экспонаттардың бірі «75» символдық сандарының инсталляциясы болды. Оның авторы – экспорттық келісімдер бөлімінің аудармашысы Вера Пятышина. Қонақтар оның жанында  естелік ретінде фотосуреттер жасады.

Ұсынылған жұмыстардың жасалу техникалары да сан алуан. Юлия Труфанованың (тантал өндірісі) қағаз шыбықтарынан жасалған диірмені, Полина Короткованың (экспорттық келісімдер бөлімі) тоқылған асқабақтары, Антон Зонбергтің (бериллий өндірісі) пирография әдісімен (күйдіру) орындалған «Кеме» панносы, Айнұр Қайназарованың (ғылыми орталық) тігілген қарақшы қуыршағы, сондай-ақ кестелеп тігу, киіз басу, ағаштағы өрнек, кендірден жасалған бұйымдар. Ұлттық нақыштағы жұмыстар да қызықты – Меруерт Ахмадиеваның (іс жүргізуді басқару бөлімі) ою-өрнекпен киізден жасалған майлықтары. Асқар Чукенов (уран өндірісі) жұбайымен бірге тіккен көпшікті ұсынды, ол Алена Константинованың (АКО) қазақи өрнектермен кестеленген жастықтары керемет көрінеді.

– Байқауға дебютанттар қатысты. Мәселен, Асқар Чукенов жақында ғана зауытқа жұмысқа орналасты, алғаш рет сынау орталығының қызметкерлері Наталья Дунаева, Оксана Агапитова қатысты, олар зауыттық тақырыпта страздардан бұйымдар жасаған, Наталья Киселева зауыттың символикасы бар монша жиынтығын жасады. Тұрақты конкурсанттар да бар. Николай Бычков (бериллий өндірісі) байқауға «Түбірден жасалған мүсін» техникасындағы жұмыстармен үшінші рет қатысты, – деді АКО-ның экскурсиялық жұмыс жөніндегі маманы Елена Луговская.

Уақыт өткен сайын қатысушылардың шеберлігі де артып келеді. Наталья Мацнева (уран өндірісі) 70 жылдық мерейтой байқауында сурет салынған тастарды ұсынған, ал зауыттың осы мерейтойына «Терра» атты жаңа техниканы игерді. Табиғи материалдардан жасалған паннолар кез-келген интерьерге үйлеседі.

Қазылар алқасының мүшесі ретінде облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы директорының экспозициялық-көрме жұмысы жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Евгения Рахматуллина шақырылды.

– ҮМЗ сияқты ірі өндірісте жұмыс істейтін адамдар шығармашылыққа көп уақыт бөлетіні таң қалдырды. Олар түрлі бағытта дамуда. Мына кесте – өте нәзік және күрделі жұмыс, сонша түсті көрсету композициялық тұрғыдан күрделі. Кәсіби деңгейде жасалған қуыршақтар, керемет сөмкелер, киізден жасалған бұйымдар қатты ұнады. Әуесқойлық деңгей де, кәсіби деңгей де бар. Үлбі металлургиялық зауытының жұмыскерлерінен көп нәрсені үйренуге болады, – деп пікірімен бөлісті Евгения Юрьевна.

Байқау қорытындысы зауыттың мерейтойына қарай 29 қазанда шығарылады. Оған дейін зауыт жұмысшыларының көрмесі жаңа қонақтарды қарсы алуда. Сіздер де келіңіздер – ҮМЗ Көрме-ақпараттық орталығында әлі де көптеген қызықты дүниелер бар.

Мекенжай: Өскемен қ., Абай даңғылы, 102, к.2, экскурсияға жазылуға арналған телефондар: 8 (7232) 29-83-85, 29-84-83.

 Анна Чумина, ҮМЗ баспасөз қызметі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу