KZ
Өскемен
-19°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
526.11 542.31 4.76

Ас атасы – Нанның мерекесі

14.12.2024, 19:00 38 Гульжан Мусина

2019 жылы Қазақстан Республикасының мерекелік күндер тізбесіне «Нан күні» қосылды. Бұл астық және ұн өнімдерінің құрметін арттырып, қазақстандық диқандардың, ұн тартушылар мен наубайханашылардың еңбегін елеу үшін арнайы белгіленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Егін егуден бастап, дастарханға дейін жететін нан өнімдерінің дайындалуына атсалысатын барлық мамандардың еңбегін елеу маңызды. Осы айтулы күнге орай,  аудан орталықтарындағы іс-шара жоспары аясында наубайханашылар арасында көрме-жарыстар ұйымдастырылып бастады. Бүгінге дейін жеті аудан орталығында нан көрмесі өтті. Мұнда аудан басшылары өз наубайшыларының арасында жеңімпаздарды анықтап, оларды облыстық деңгейде марапаттауға ұсынады.

Жуықта дәл осы көрме Глубокое ауданындағы Предгорное ауылында да өтті.

– Глубокое ауданы бидай өсіретін шаруашылықтарымен танымал. Біздің еңбек адамдарымыз дүкен сөресінде сатылатын нанның бағасын біледі. Сондықтан бұл мерекені үлкен ықыласпен қарсы алдық, – деді аудан әкімі Эльдар Тумашинов.

Шығыс Қазақстан облысында  нан және тоқаш өнімдерін әзірлейтін 81 орта және шағын кәсіпорындар жылына 22,5 мың тонна өнім шығарады.

Қазір облыста «Каравай» ЖШС, «Эко Агро» ЖШС, «Нива Востока» ЖШС және Глубокое ауданында орналасқан «Шахан-ата» ЖШС наубайханаларында нан және тоқаш өнімдерінің жүзден аса түрлері пісіріліп, саудаға шығарылуда. Қазіргі уақытта ел арасында денсаулыққа пайдалы қолдан піскен ашытқысыз нан өнімдерін және тоқаш өнімдерін шығарумен айналыстын «Береке Нан» ЖК өнімдеріне де сұраныс артып отыр. Бұл наубайханалар заман талабы мен тұтынушылардың сұранысына қарай нан өнімдерінің ассортиментін кеңейтіп, халықтың ақ дастарханына астың төресін жеткізіп келеді.

ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың 8 айында облыс бойынша 11,7 мың тонна нан, 0,75 мың тонна кондитерлік өнімдер және 0,25 мың тонна тәтті тоқаштар пісірілген екен.

Сонымен қатар 2024 жылдың 7 айында облыстан 429,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталып,  2121,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері импортталған екен.

Айта кету керек, нан көрмесіне қатысқан өндірушілердің үздіктері Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні қарсаңына анықталып, марапатталады.

 Ақерке Рағызбаева

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу