KZ
Өскемен
-19°
плотный туман Штиль
526.11 542.31 4.76

Шығыс төрі фестиваль аясында қонақжайлық көрсетті

14.12.2024, 20:30 30 Гульжан Мусина

Өскеменде XXII халықаралық «Беловодье» орыс дәстүрлі фольклоры фестивалі өтті. Орыс халқының әдебиетін, мәдениетін, дәстүрі мен қолданбалы қолөнер шеберліктерін дәріптеуге келген әнші, хореограф, колөнер шеберлерінен құралған 25 ұжым мен жеке орындаушылар Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында үш күн қатарынан өнер көрсетті.

– Жыл сайын біз фестиваль бағдарламасын бір-біріне ұқсамайтындай ерекше етіп өткізуге тырысамыз.   Бүгін фестиваль аясында шеберлік сыныптары мен шығармашылық зертханалар ұйымдастырдық. «Беловодье» фестивалі – бұл талантты көрсетуге арналған алаң ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, жаңа тәсілдермен танысу және фольклорлық дәстүрлерді сақтауда жаңа көкжиектерді ашу мүмкіндігі», – деді ШҚО ҚХА Қоғамдық институттармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Әсел Самарқанова.

Фестиваль бағдарламасы аясында көрермен-қонақтар көрші елдің  Новосібір мен Барнаул қалаларынан келген өнерпаздарының концерттік қойылымдарын, халық мәдениеті бойынша шеберлік сабақтарын, қолөнер жәрмеңкесін, орыс этнографиясы туралы көрмені тамашалап, Солжағалау мұражай кешеніндегі шығармашылық кездесулерге, дәстүрлі кешкі ойын-сауықтарға қатысты.

– Біз қазақтың қонақжайлылығын көрсете отырып, алыстан келген әріптестерімізге сый-құрмет көрсеттік. Мұндай фестивальдар ерекше көңіл-күй сыйлап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – деді Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының орыс этнографиясы бөлімінің маманы Екатерина Семибратова.

Фестиваль аясында кездескен екі елдің ансамблі фольклорлық ансамбль әдістемесі бойынша шеберлік сабағын өткізіп, дәстүрлі дыбыспен жұмыс істеу ерекшеліктерін талқылады.

XXII халықаралық «Беловодье» фестивалі жергілікті әкімдіктен қолдау тауып, соның арқасында фестивальге қатысушылардың саны мен географиясы кеңейді.

– Әр ұлттың өнеріне, мәдениетіне біз ерекше көңіл бөлу керекпіз. Фестивальдің ауқымы кеңейіп, жан-жақтан қонақтар келуде. Бұл өз кезегінде туризмнің дамуына да сеп болмақ. Өскелең ұрпаққа, аға буын өкілдерінің өнерін жеткізу маңызды. Біз осыған ерекше назар аударудамыз, – деді ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Фестиваль қатысушылары облыс әкімі Ермек Көшербаевтың атынан халықтық өнерді сақтауға  және насихаттауға қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Қуаныш Рахметоллаұлы,

Ақерке Рағызбаева

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу