Өңірдегі мәдениет пен спорт: дәстүрді жаңғырту мен дамытудың жаңа кезеңі
Фото: pexels.com
Өңірімізде спорт пен мәдениет салаларын дамыту ерекше басымдыққа ие. Президент өз Жолдауында бұқаралық спорт пен өнерді дамыту арқылы жас ұрпақты тәрбиелеудің, дене шынықтыруды нығайтудың және ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта облысымызда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалар өңірдің ғана емес, елдің дамуында да ерекше рөл атқарады.
Өскеменде биыл жастарды спортқа тарту мақсатында арнайы Дене шынықтыруды дамыту орталығы ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл орталық ауылдық, аудандық, студенттік және жастар лигаларын, еңбек ұжымдары мен қарттар арасындағы спартакиадаларды ұйымдастырып, халықтың әртүрлі топтарын спортқа баулуды мақсат етеді. Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдармен тығыз жұмыс жасап, балғындардың дене тәрбиесін ойын түрінде дамытуға ерекше көңіл бөлуде.
Өңірдегі спорттық инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Ақжар ауылындағы стадионның құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында және Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылында спорт модульдерінің құрылысы басталды.
Бұдан бөлек, Марқакөл, Бозанбай, Таврия, Үлкен Нарын және Катонқарағай ауылдарындағы бес дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысы ерекше бақылауға алынған. Аймақ басшылығы бұл нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Жоспар мерзімінен кешіккен жағдайда мердігер ұйымдарға да, жауапты тұлғаларға да тиісті шаралар қабылданатыны атап өтілді.
Өңірімізде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы жылдың басында «Astana Ballet» сахнасында облыстық симфониялық оркестрдің концерті өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы мен әлемге әйгілі «Mamma Mia» мюзиклінің премьерасы да сәтті ұйымдастырылды.
Өскеменде көркемөнерпаздар шығармашылығы қарқынды дамып келеді. Риддер және Тарбағатай халық театрлары гастрольдік сапарларын сәтті өткізіп, жергілікті көрермендерге тамаша қойылымдар ұсынды. Сонымен бірге, облыстық драма театрының жанынан «Оперетта театры» бөлімшесі ашылып, өңір мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашты.
Конституция күніне орай, Өскеменде үрмелі аспаптар оркестрінің облыстық фестивалі ұйымдастырылды. Бұл шара өңірдегі барлық ұжымдардың басын қосып, музыкалық өнердің өркендеуіне серпін берді.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астана қаласының Ұлттық музейінде «Түркі әлемінің алтын бесігі – Алтай» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл жиында археология, мәдени мұра және музей ісі саласындағы жетекші мамандар бас қосып, түркі өркениетінің орталығы болған Алтайдың тарихи рөлі талқыланды. Конференцияға Түркия, Өзбекстан, Германия, Татарстан, Әзірбайжан және басқа да елдердің ғалымдары қатысты.
Осы күзде Ұлан ауданының Бозанбай ауылында дәстүрлі «Шығыс салбурыны» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтеді. Бұл турнирде ұлттық құндылықтарымыз заманауи туризмнің трендтерімен үйлесім табады. Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Венгрия, Ресей, Түркия, Моңғолия, Қытай және Қырғызстаннан 150-ден астам қатысушы жиналады деп жоспарланған. Жарыс бағдарламасы аясында бүркіттер мен сұңқарлардың сайысы, тазы жарысы, ұлттық ойындар, шеберлер жәрмеңкесі және дәстүрлі тағамдар ұсынылады.
Бұл фестивальдің тағы бір ерекшелігі – әлемге әйгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызының отбасын Моңғолиядан Шығыс Қазақстанға көшіру. Бүркітші қыз фестивальдің құрметті қонағы болады.
Спорт пен мәдениет – елдің рухани және физикалық дамуының негізі. Өңірімізде бұл салаларды дамытуға бағытталған жобалар жастардың тәрбиесіне, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына және ұлттық құндылықтарды сақтауға ерекше үлес қосып келеді. Әрбір қолға алынған бастама – болашақ ұрпаққа қалдырылған зор мұра, ұлттық рухтың мәңгілік өзегі болмақ.
Ержан Әбіш