Ауызсу: халықты қамту бағытындағы ауқымды жұмыстар
Фото: pexels.com
Ауыз су – халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасының негізі. Бұл мәселеге Қазақстанда ерекше назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген. Шығыс Қазақстан облысында бұл міндетті орындау қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыс халқының 99%-ы, оның ішінде ауыл халқының 97,2%-ы сапалы сумен қамтылған. Дегенмен, бұл көрсеткішті толықтай орындау үшін аймақта әлі де бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі күні сумен қамтамасыз етілмеген 7 мың ауыл тұрғыны бар. Бұл мәселені шешу мақсатында 2024 жылы 3,4 мың адамды қамтитын 8 жоба, ал 2025 жылы тағы 3,6 мың адамды қамтитын 8 жоба іске асырылатын болады. Әрбір жобаның мақсаты – тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ететін инфрақұрылым жүйелерін дамыту және оларды толыққанды іске қосу.
Әкімдік сумен жабдықтау жұмыстары барысында жіберілген кейбір қателіктерді де назарға алып отыр. Бұрын кейбір су құбырларын салу кезінде судың нақты қорлары дұрыс анықталмаған немесе жобалау кезінде техникалық олқылықтар жіберілген. Бұл мәселелерді түзету жұмыстары қазір белсенді түрде жүргізілуде. Әсіресе, сумен жабдықтау көздерін дұрыс анықтау басты назарға алынған. Ал су желілерін көшелер мен үйлерге жеткізу мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі.
Бұрынғы жылдары облыста шағын ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында блок-модульді станциялар орнатылған болатын. Мұндай станциялар 117 шағын ауылда іске қосылды. Алайда бұл жобаның жүзеге асырылуында белгілі бір қиындықтар орын алды. Кейбір жағдайларда станция орнатылып, бірақ электр қуатына қосылмаған немесе скважинадағы су қорының жеткіліксіздігі байқалған. Мұндай олқылықтардың барлығы сумен қамтамасыз етуді кідіртуге алып келді.
Бүгінгі таңда осы проблемалардың басым бөлігі шешілді. Электр қуаты қосылып, су қоры жеткілікті жерлерде станциялар жұмысын бастады. Бұдан әрі, алдағы үш жылда әрбір ауылдағы тұрғын үйлерге орталық су құбырларын жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс ауыл халқының өмір сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізбек.
Ауыз су мәселесін шешу тек тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар облыстың экологиялық және экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Сумен жабдықтау жүйелерін жаңарту халықтың денсаулығын жақсартып, инфекциялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, таза суға қол жеткізу ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында да жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сапалы ауыз суға қолжетімділік – әрбір қазақстандықтың негізгі құқықтарының бірі. Бұл бағытта Шығыс Қазақстан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Президенттің тапсырмасын орындау аясында тұрғындардың таза суға қолжетімділігін арттыру, техникалық және инфрақұрылымдық мәселелерді жою жұмыстары жалғасуда. Алдағы жылдары іске асырылатын жобалар ауылдық елді мекендердің өмір сапасын арттырып, аймақтың дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Облыс халқының толыққанды сумен қамтамасыз етілуі – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматтың игілігі үшін жасалып жатқан маңызды қадам.
Ержан Әбіш