KZ
Өскемен
-17°
переменная облачность жел 2 м/с, В
523.72 544.09 5.2

ШҚО-ның ветеринарлық қызметі: жетістіктер мен жоспарлар 

Фото: uralskonline.kz

21.12.2024, 20:30 49 Гульжан Мусина

Ветеринарлық қызметтің негізгі міндеті – өңірде тұрақты эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету, жануарларды қауіпті аурулардан қорғау және оларды емдеу. Шығыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов ветеринарлық қызметтің жетістіктері мен өзекті мәселелері туралы Altainews.kz тілшісіне айтып берді. 

2024 жылы өңірдегі ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 1,6 миллиард теңге эпизоотияға қарсы іс-шараларға бағытталған. 

Ветеринарлық жұмыстар 11 мемлекеттік кәсіпорын арқылы жүзеге асырылады, олардың құрамына 99 ветеринарлық пункт кіреді. Қызметкерлердің жалпы саны 556 адамды құрайды. 

Бұл көрсеткіштер өңірдегі жануарлардың денсаулығын қорғау мен қауіпті аурулардың алдын алу үшін жасалып жатқан кешенді жұмыстардың ауқымдылығын көрсетеді.

ІНДЕТ ДЕҢГЕЙІН ТӨМЕНДЕТУ ҚАЖЕТ 

Жануарлар мен құстардың аса қауіпті инфекциялық ауруларына қарсы ветеринарлық-алдын алу шаралары жоспарға сәйкес және бекітілген тәртіп бойынша жүргізілуде. 

2024 жылға 23 аса қауіпті инфекциялық аурудың алдын алу үшін 5,2 миллион профилактикалық манипуляция жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 4,3 миллион манипуляция орындалды, бұл жылдық жоспардың 82%-ын құрайды. 

Ветеринарлық қызмет үшін алдын алу вакцинациясының негізгі қағидаттары уақытылы жүргізілуі, вакцина түрінің нақты ауруға сәйкестігі, дозалау мен енгізу режимінің сақталуы, жануарлардың жасы мен денсаулық жағдайының ескерілуі, сондай-ақ вакциналарды сақтау және тасымалдау талаптарының дұрыс орындалуы болып табылады. 

– Аса қауіпті ауруларға диагностикалық зерттеулер жүргізу үшін 1,2 миллион сынама алу және оларды зертханаларға жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күні 1,17 миллион сынама алынып, зерттелді, бұл жылдық жоспардың 98,7%-ын құрайды, – деп мәлімдеді Рамиль Сағындықов. 

Шығыс Қазақстан облысы – бруцеллез бойынша эпизоотикалық қолайсыз аймақтардың бірі. Бұл аурудың пайда болуына инфекция қоздырғыштарының қайнар көздерінің болуы, табиғи ошақтардың сақталуы, инфекцияның таралу механизмдері (зақымданған жайылымдар мен суаттар), сондай-ақ жануар иелерінің ветеринарлық-санитарлық ережелерді бұзуы ықпал етеді. 

Соған қарамастан қазіргі жағдайды талдау соңғы жылдары үй жануарлары арасында бруцеллез ауруының азайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ветеринарлық қызметтің кешенді тәсіл қолдануының арқасында мүмкін болды. 

Егер 2020 жылы бруцеллезге оң нәтиже берген 3478 бас мал анықталса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 2734 басқа дейін, 2022 жылы 1906 басқа дейін, 2023 жылы 1598 басқа дейін төмендеді. Ал 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 1058 бас мал ғана анықталған. 

Эпизоотикалық ошақтардың саны да азайып келеді. Мысалы, 2022 жылы мұндай ошақтар саны 22 болса, 2023 жылы 10-ға дейін азайды. 

2024 жылдың басынан бері өңірде аса қауіпті жұқпалы аурулардың 7 эпизоотикалық ошағы тіркелді: 3 жағдай – құтыру, 3 жағдай – бруцеллез және 1 жағдай – сібір жарасы. Қазіргі уақытта 5 ошақ жойылып, қалған 2 ошақта қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Бұл ошақтарды толық сауықтыруды жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Эпизоотикалық ахуалдың жақсаруы – ветеринарлық қызметтің тиімді жұмысының және алдын алу шараларының уақытылы жүргізілуінің нәтижесі.

МАЛ ҚОРЫМДАРЫ МЕН СОЙЫМ ОРЫНДАРЫ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

Аймақта эпизоотикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін маңызды ұйымдастырушылық-шаруашылық шаралардың бірі – ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру. Бұл процесс ветеринарлық іс-шараларды толық есепке алуды және бақылауды қамтамасыз етеді. Әр жыл сайын облыс бойынша сәйкестендіру шараларының жоспары әзірленіп, бекітіледі. 

2024 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру үшін қажетті құрал-жабдықтар мен атрибуттарды сатып алу функциясы республикалық деңгейден жергілікті атқарушы органдарға берілгеннен кейін, сырғаларды дер кезінде сатып алу мәселесі шешімін тапты. 

Жануарларды жерлеу орындары мен сібір жарасы қорымдарына қатысты аймақта 157 жерлеу орны мен 101 сібір жарасы қорымы бар. Жыл сайын бұл орындарды күтіп-ұстауға 10 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Биыл сібір жарасы қорымдарын жөндеуге 88,8 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыстарды санитарлық нормаларға сәйкестендіру 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Дегенмен, қосымша 45 мал көму орны қажет. 

ШҚО-да шекара маңындағы аумақтарға арналған кешенді жоспар аясында жалпы сомасы 746 миллион теңгеге 45 мал қорымын салу жоспарланған. 2023 жылы Катонқарағай ауданында 6 қорым, ал 2024 жылы 3 қорым (Тарбағатай ауданында – 1, Ұлан ауданында – 2) салынды. 

Биыл сібір жарасы ошақтарының нақты координаттарын анықтау жұмыстары жүргізіліп, оларды тиісті реестрге енгізу жұмыстары жалғасуда. 

Ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі – сойым орындарының болуы. Жануарларды сою ветеринарлық қызметтердің бақылауымен жүргізілуі тиіс. 

Қазіргі уақытта аймақта 356 елді мекенге қызмет көрсететін 56 сойым орны тіркелген. Алайда бұл аймақ қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмайды, тағы 82 сойым орны қажет. Сойым орындарының жетіспеуі инфекциялық аурулардың таралуына себеп болады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сойым орындарын салу – кәсіпорындардың міндеті, ал науқас жануарларды санитарлық союды ұйымдастыру – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. 

Ветеринарлық пункттер – жануарларға ветеринарлық көмек көрсететін арнайы мекемелер. Олар бірнеше негізгі функцияларды атқарады: жануарларды емдеу, аурулардың алдын алу, эпизоотикалық ахуалды бақылау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жануар иелеріне кеңес беру. 

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ветеринарлық пункттер қызмет көрсетуге арналған қажетті ғимараттармен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі уақытта 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның құрамындағы 38 пункттің жеке ғимараттары бар, 16 пункт ғимараттарды жалға алады, 36 пункт ауылдық әкімдіктердің ғимараттарында орналасқан, ал 9 пункттің мүлде ғимараты жоқ. 

– Ауылдық жерлердегі қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін 45 модульдік ветеринарлық пункт салу қажет, – дейді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар, ветеринарлық-алдын алу шараларын (вакцинация, диагностикалық зерттеулер, сәйкестендіру) жүргізу үшін малды өңдеуге арналған аймақтар (раскол) қажет. Қазіргі уақытта облыста 83 стационарлық раскол бар, бірақ қосымша 105 раскол салу қажет. Бір расколдың орташа құны 3 миллион теңгеге дейін жетеді. 

Ветеринарлық пункттердің материалдық-техникалық жабдықталуы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 7-1/272 бұйрығымен реттеледі. Бұл жабдыққа арнайы автокөліктер, типтік расколдар (қоршаулар) және жануарларды бекітуге арналған басқа да құралдар кіреді.

ЖАБДЫҚТАУ ЖӘНЕ КАДРЛАРМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ 

Қазіргі қолда бар техника – автокөліктер, дезинфекциялау қондырғылары, жануар өлекселерін өртеуге арналған жабдықтар және ветеринарлық мақсаттағы технологиялық жабдықтар – моральдық тұрғыдан ескірген. Ветеринарлық станцияларда жөндеу жұмыстары, қосалқы бөлшектерді сатып алу және техникалық қызмет көрсету бойынша үлкен шығындар орын алуда. 

– Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға тиесілі ветеринарлық станцияларды нормативтерге сәйкес толық материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында біржолғы қаржыландыру қажет, – деп атап өтті Рамиль Сағандықов. – Бұл жарақтандыру автокөліктерді, ұйымдастыру техникасын, тоңазытқыштарды және ветеринарлық мақсаттағы технологиялық жабдықтар жиынтығын қамтиды. 

Ветеринарлық қызметте ақпараттық жүйелерді белсенді енгізу жүріп жатыр, мысалы, «ИСЖ», «ЕАСУ» жүйелері және электрондық құжат айналымын жүргізуге мүмкіндік беретін «VET-MOBILE» мобильді қосымшасы әзірленуде. 2024 жылы «ИСЖ» дерекқорымен жұмыс істеу үшін қажетті бағдарламалық жабдықталған 108 планшет сатып алынды, бұл электрондық форматта жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. 

– Қазіргі уақытта ветеринарлық пункттер ұйымдастыру техникасымен қамтамасыз етілгенімен, қолданыстағы 201 компьютердің 118-ін ауыстыру қажет, себебі олар 2014 жылы сатып алынған. Сонымен қатар, 76 ветеринарлық пунктте интернет байланысы бар, бірақ оның 41-інде байланыс сапасы төмен, ал 21 пунктте интернет мүлде жоқ, – деп қосты басқарма басшысы. 

Шығыс Қазақстан облысында ветеринар дәрігер мамандығы ең төмен жалақы төленетін он мамандықтың қатарына кіреді. Бұл кадрлардың тұрақтамауына және мамандардың тапшылығына алып келеді. Ветеринарлық пункттер меңгерушілерінің жоғары ветеринарлық білімі бар мамандармен қамтамасыз етілуі 56%-ды құрайды (99 меңгерушінің 51-і), ал білікті кадрлармен қамтылу деңгейі – 58% (556 орынның 328-і). 

– Шығыс Қазақстан облысындағы эпизоотикалық жағдай тұрақты деңгейде сақталуда, бұл – ветеринарлық қызметтердің жүйелі жұмысының нәтижесі. Қиындықтарға қарамастан, ауру ошақтарының саны азаюының оң динамикасы байқалады. Бұл мәселелерді шешу республикалық, облыстық және аудандық деңгейде келісілген қадамдарды талап етеді, – деп атап өтті Рамиль Сағандықов. 

Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда және барлық тараптардың кешенді қолдауының арқасында қойылған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Екатерина Скударнова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу