Мемлекеттік тіл және сот: мәселе бар, шешім қандай? (Видео)
Қазақстанда сот істерінің тек 37 пайызы ғана мемлекеттік тілде қаралады. Ал Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш небәрі 11 пайызды құрайды. Заң саласында, сот ісінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы әлі де тар. Адам құқығын қорғау мен мемлекеттілікті нығайтуда сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің маңызын арттыру үшін қандай шаралар қолға алынуы керек? Осы мәселелер Шығыс Қазақстан облыстық сотында өткен «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің тұғыры және адам құқығын қорғаудың құралы» атты дөңгелек үстелде талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараға қатысқан құзырлы органдар өкілдері мемлекеттік тілге қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, шешу жолдарын ұсынды.
ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмір дөңгелек үстелді қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі екенін еске салды. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер заң талаптарын сақтауға және сотқа мемлекеттік тілде жүгінуге міндетті екенін атап өтті.
Облыстық соттың төрағасы Манат Комиршинов мемлекеттік тілді дамыту, қолдану және оның мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет екенін айтты.
Сондай-ақ, ол әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық істер бойынша сот процестерін қолданыстағы заңнаманы пайдалана отырып 100 пайыз мемлекеттік тілде өткізуге болатынын, алайда іс жүзінде бұл талаптың толық орындалмай отырғанын айтты.
Жиын соңында мемлекеттік тілдегі сот істерін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар берілді.
Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Ермек Жиенбеков