Өскеменде этнос өкілдерінің арасында тіл сайысы өтті
Фото: Шығыс Қазақстан Лингвистикалық Орталығы
8 тамызда Өскемен қаласында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті.
Байқауға аудандық және қалалық іріктеуден өткен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген 18-35 жас аралығындағы түрлі этнос өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған.
Сайысты ШҚО мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы өткізді.
Үш кезеңнен тұратын байқаудың бірінше кезеңінде қатысушылар қазылар алқасының назарына бейнематериал ұсынды. Екінші кезеңде арнайы ұяшықтарда жасырылған тақырып туралы жеке пайымын жеткізіп, үшінші кезеңде қатысушылар мемлекеттік тілде «Ата Заңым – айбыным» тақырыбында эссе жазды.
Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды Өскемен қаласының атынан қатысқан С.Аманжолов атындағы ШҚУ 2-курс студенті Мария Колчина иеленсе, 2-орынды Цифрландыру және архивтер басқармасының «Мемлекеттік архивінің» Алтай ауданы филиалының қызметкері Константин Левин алды, 3-орын Ұлан ауданының атынан қатысқан Кристина Батырхановаға бұйырды.
Байқау жеңімпаздарына арнайы диплом және бағалы сыйлықтар табысталды. Ал белсене қатысқан қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар байқау жеңімпазы республикалық кезеңге жолдама алды.