ШҚО-да алаяқ әйел 56 миллион теңгеге сан соқтырған

Фото: polisia.kz
Шығыс Қазақстан облысында алты жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болды. Жәбірленушілер полицияға бір әйелдің мемлекеттік бағдарлама арқылы арзан баспана алып беремін деп уәде етіп, олардан ірі көлемде ақша алғаны туралы өтінішпен жүгінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тергеу барысында анықталғандай, алаяқтық схеманың бастауы Өскемен тұрғынының әріптесіне өзінің анасын байланыс нөмірін ұсынып, оның баспана алуға көмектесе алатынын айтқанынан басталған. Бұл ақпарат «сарафан радиосы» арқылы тарап, таныстар мен туыстар да осы қызметке жүгінгісі келген.
Азаматтар күдіктіге миллиондаған теңге берген, алайда уәде етілген пәтерлердің кілті табысталмаған. Кейіннен әйел адам байланысқа шығуын тоқтатқан. Нәтижесінде жалпы шығын 56 000 000 теңгені құрады.
Қазіргі уақытта полиция күдіктіні анықтап, тергеу амалдарын жүргізуде.
Дереккөз: ШҚО ПД