KZ
Өскемен
+1°
небольшой дождь жел 7 м/с, СБ
502.83 545.37 5.95

Өскеменде жаңа темір жол вокзалы ашылуы мүмкін

Кеше, 09:00 103 Жанаргүл Көкенайқызы

Өскемен-1 вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, КШТ шағын ауданында жаңа темір жол вокзалы ашылуы мүмкін. Бұл туралы Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Защита ықшам ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кездесуде тұрғындар қаңғыбас иттердің көбеюі, жолдардың тозуы, вокзал маңындағы саябақтың күтімсіз қалуы сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, қараусыз қалған екі қабатты ғимараттарды қайта қалпына келтіріп, жатақхана немесе балабақша ретінде пайдалануға беру туралы ұсыныстарын жеткізді.

Тұрғындар үшін маңызды мәселелердің бірі – Темір жолшылар ауруханасына барар жолдағы жүргінші жолының жоқтығы. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Қала әкімі бұл бағытта жұмыс жасалып жатқанын және жаяу жүргіншілер жолы биыл салынатынын айтты. Жол жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

Тұрғындар КШТ шағын ауданынан Защитаға қатынайтын тікелей автобус бағытын ашуды сұрады. Себебі, темір жолда еңбек ететін мыңға жуық жұмысшы КШТ ықшам ауданында тұрады. Әкімнің айтуынша, қоғамдық көліктерге «Оңай» төлем жүйесі енгізілгеннен кейін тиімді және тиімсіз бағыттар сараланып, сұранысқа ие бағыттар бойынша жаңа маршруттар ашылады. Бұл мәселе қоғамдық көлік қозғалысын талдау нәтижесіне қарай шешілмек.

Келешекте КШТ маңында жаңа темір жол вокзалының ашылуы да қарастырылып отыр.

— Қазір елімізде темір жол вокзалдарының жағдайы республикалық деңгейде көтеріліп жатыр. Бюджеттен қаржы бөлінеді деген жоспар бар. Егер бұл жоба жүзеге асса, Защитадағы вокзал күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, қаланың кеңеюіне байланысты КШТ маңынан жаңа вокзал ашу ойымызда бар. Себебі, осы ауданда тұратын тұрғындар қазіргі вокзалға жету үшін ұзақ жол жүруге мәжбүр, — деді қала әкімі Алмат Ақышов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу