KZ
Өскемен
+1°
небольшой дождь жел 7 м/с, СБ
502.83 545.37 5.95

Өскеменде «ONAY!» төлем жүйесі іске қосылады (видео)  

Кеше, 17:30 94 Жанаргүл Көкенайқызы

Өскемен қаласында сәуір айынан бастап қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеудің «ONAY!» электронды жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл туралы «ONAY!» қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатында «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС директоры Дәурен Сабитов мәлімдеді.  

Қазіргі уақытта қалада 288 автобус тұрақты түрде жолаушы тасымалдайды. Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін қоғамдық көлік қызметі ашық әрі тиімді болмақ. Бұл жүйе жолаушылар ағынын нақты есептеуге, маршруттарды оңтайландыруға және автобустардың қозғалыс кестесін реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мобильді қосымша арқылы көлік қозғалысын бақылауға жағдай жасалады.  

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, «ONAY!» жүйесі көлік қатынасын реттеп, жолаушыларға ыңғайлы болуымен қатар, субсидия бөлуде де нақты есеп жүргізуге мүмкіндік береді.  


- «Оңай» жүйесі сәуірдің басынан бастап қолданысқа енгізіліп, жаңадан 30 жұмыс орыны ашылады. Электронды жаңа жүйе жолаушыларға ғана емес, көлік қатынасын реттеуге де қолайлы. Енді күн сайын қанша автобус, қанша жолаушы жүретінін нақтылы көріп отырамыз. Бізге берілген талдаулар бойынша күнделікті қанша автобус шығып отыратыны нақты белгілі болады, бұл субсидия бөлуде де шынайылықты қамтамасыз етеді. Бәрінен бұрын бізге қажеттісі осы. Жүйені енгізу барысында жолаушылардан қандай да бір ұсыныстар түсіп жатса, қосымша қарастырып, жетілдірілетін болады, - деді облыс әкімі. 

Жаңа жүйе арқылы жолаушылар жол ақысын көлік карталарымен, мобильді қосымшалармен және байланыссыз төлемдер арқылы төлей алады. «ONAY!» бірыңғай көлік картасының құны – 800 теңге. Оны толықтыру мобильді қосымша, Halyk және Kaspi банктерінің қызметтері, QIWI және Kassa24 терминалдары арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, SMS-хабарлама арқылы төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған.  

Сонымен қатар, 9909 нөміріне SMS-хабарлама арқылы да төлем жасауға болады. Ол үшін ONAY! терминалында көрсетілген 6 таңбалы кодты теріп, тегін SMS жіберу қажет. Жол жүру ақысы белгіленген тарифке сәйкес ұялы телефон балансынан алынады. Төлем сәтті жүргізілгені туралы ақпарат SMS түрінде келеді.

Холдинг басшысының айтуынша, жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін өтініштерді қабылдау және карталарды рәсімдеу ерекше назарда болады. Жеңілдікке келесі санаттағы тұрғындар ие бола алады:

    •    Зейнеткерлер – 70 жастан асқан азаматтар;
    •    «Әлеуметтік карта» иегерлері: 7-18 жас аралығындағы балалар (АӘК алушылар), көпбалалы отбасылардан шыққан 7-18 жас аралығындағы балалар;
    •    Өскемен қаласының құрметті азаматтары;
    •    ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, сондай-ақ ҰОС қатысушыларының жесірлері;
    •    Ауған соғысына қатысушылар;
    •    Концлагерь тұтқындары, Қоршаудағы Ленинград тұрғындары, II топтағы көру мүгедектері;
    •    «Республикалық жеңілдік» санаты:
    •    «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері,
    •    Бұрын «Батыр ана» атағын алған аналар,
    •    I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар,
    •    I топтағы мүгедектер,
    •    7-18 жас аралығындағы балалар, колледж студенттері мен мектеп оқушылары (өтінім оқу орнында беріледі).

Жеңілдікті жол жүру тек жеке көлік картасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе жолаушылар ағынын нақты анықтауға мүмкіндік береді, ал тасымалдаушылар жеңілдікті жолаушыларды тасымалдағаны үшін өтемақы алады.

«Марат М» ЖШС басшысының орынбасары Қымбат Базилованың айтуынша, компанияның 44 автобусы ONAY! жүйесінің жабдықтарымен толық қамтылған. Қалалық әкімдік бөлген субсидия автопаркті жаңартуға көмектесуде. 2022 жылдан бері компания 40 жаңа автобус сатып алған, ал биыл наурыз айында Семейдегі зауыттан тағы бес автобус жеткізілді.

– Қазіргі уақытта жеңілдікті санаттарға арналған карталарды рәсімдеу мен құжаттарды қабылдау белсенді жүргізілуде. ONAY! жүйесінің қызмет көрсету орталығы жабдықталуда, сату нүктелері ұйымдастырылды. Барлық жаңашылдықтар азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып енгізіледі, – деп мәлімдеді Қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.

Жеңілдікті карталарды рәсімдеу мекенжайлары:

Жеңілдікті карталарды барлық санаттағы азаматтар келесі мекенжайлардан ала алады:

    1.    ONAY! Халыққа қызмет көрсету орталығы – Шәкәрім даңғылы 171.
    2.    «Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ – Шәкәрім даңғылы 149/10.
    3.    Жастар ресурстық орталығы – Жібек Жолы көшесі, 3.

70 жастан асқан қала тұрғындары (зейнеткерлер) жеңілдікті карталарын Өскемен қаласының аумақтық басқару орталықтарында рәсімдей алады:

    1.    Сәтпаев даңғылы 36.
    2.    Пахомов көшесі 8 (үйдің кіреберісі артқы жағынан).
    3.    Антон Чехов көшесі 68.
    4.    Буров көшесі 24.
    5.    Бағдат Шаяхметов көшесі.
    6.    Атлантикалық көшесі 38.
    7.    Добролюбов көшесі 25.
    8.    Гагарин бульвары 20.
    9.    Мұхамеджан Тынышпаев көшесі 123.
    10.    Бажов көшесі 546.
    11.    Максим Горький көшесі 11а.

ONAY! бірыңғай көлік картасын сатып алу нүктелері:

    1.    «Металлург» СҮ, Н. Назарбаев даңғылы 37.
    2.    «Мыломойка» бөлімі, Н. Назарбаев даңғылы 83/1.
    3.    Өскемен теміржол вокзалы, Мызы көшесі, н/ж.
    4.    «Әлем» СҮ, 2 қабат, «Ежевика» бөлімі, Қабанбай батыр даңғылы 142.
    5.    ЦУМ СО, 1 қабат, Максим Горький көшесі 71.
    6.    «АДК River» СҮ, 1 қабат, ұялы телефондарды жөндеу, Қазақстан көшесі 62.
    7.    «Эмилия» СҮ, Әуезов даңғылы 11/1.
    8.    Шағын маркет «ХанТоғас», Б. Момышұлы көшесі 17.
    9.    «Береке» дүкені, Рига көшесі 19 (Сол жағалау).
    10.    «Әділ» дүкені, Аблакетка, Островский көшесі 6.
    11.    «Бағдаршам» дүкені, Защита, Теміржолшылар көшесі 114.
    12.    «Харизма» дүкені, Бажов көшесі 333.
    13.    «Ел-еңбек» СҮ, Б. Шаяхметов көшесі 12.
    14.    «Мұхит» СҮ, 1 қабат, балалар тағамы бөлімі, Өтепов көшесі 25/2.
    15.    Қаныш Сәтпаев даңғылы 14/2, 1 қабат, «Belle jardin» бөлімі.

Бүгінгі таңда мобильді қосымшаны Қазақстанның 6 қаласында 3,3 миллионнан астам адам пайдаланады. Өскемен – ONAY! электрондық жол ақысын төлеу жүйесі енгізілетін жетінші қала болмақ.

Жүйе іске қосылғаннан кейін біраз уақыт тест режимінде жұмыс істейді. Осы кезеңде қала тұрғындары бұрынғы Oskemencard карталарын да қолдана алады. Өскемен қаласы – «ONAY!» электронды төлем жүйесі іске қосылатын жетінші қала болмақ.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу