Инновациялық қызметтің жаңа кезеңі: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттар «Инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Азаматтық, Кәсіпкерлік кодекстерге және 8 салалық заңға өзгерістер енгізуді көздейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Депутаттар өз сөздерінде Президенттің цифрландыру, инновация, IT-индустрия, стартап-экожүйе, венчурлық қаржыландыру құралдарын кеңейту және талантты жастар мен жаңа буын кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасау бойынша нақты міндеттер қойғанын атап өтті.
Заң жобасының негізгі бастамалары:
- «Astana Hub» пен «Инновациялық технологиялар паркі» кластерлік қорын біріктіру;
- Мемлекеттік қолдау шараларын толықтай «Astana Hub»-қа тапсыру;
- «Astana Hub» үздік тәжірибелерін басқа салаларға енгізу;
- Инновациялық жобаларды портфельдік бағалау нормасын Бюджет кодексінен Кәсіпкерлік кодекске көшіру.
Бұған дейін Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1%-ын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аударып келген. Бұл қаражат «Инновациялық технологиялар паркі» (ПИТ) қоры арқылы IT жобаларға бөлінетін. Енді бұл қаражат «бір терезе» қағидаты бойынша қайта үлестіріледі.
Жоғары аудиторлық палата мәліметіне сәйкес, 2015-2024 жылдар аралығында ПИТ қоры бөлген 46 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған, оның 41 млрд теңгесі жер қойнауын пайдаланушылар бөлген қаржы болған. Бұл қаражат инновациялық жобаларға айтарлықтай пайда әкелмеген.
Халық қалаулыларының айтуынша, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі Astana Hub инновациялық жүйенің негізгі драйверіне айналады. Жаңа реформалар аясында:
әрбір бөлінген 1 теңге салықтық жеңілдікке шаққанда 6,5 теңге табыс, 2,1 теңге экспорт, 1,8 теңге инвестиция тартылған. Яғни, мемлекеттік қолдау экономикаға бірнеше есе пайда әкеледі.
Депутаттар заң жобасы тек техникалық өзгерістер емес, Қазақстанды технологиялық егемендікке жетелейтін, адами капиталға салынған инвестиция және инновациялық экономиканы қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Андрей Дудник
фото автордікі