Өскемен: өзен трамвайлары КСМ аумағындағы су қоймаларына дейін қатынайтын болады

Terry McGraw с сайта Pixabay
Өскеменде Ертіс өзені мен КСМ су қоймасын жалғайтын арна салынады. Бұл арна арқылы өзен транспорты – шағын трамвайлар жүреді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, су қоймасын абаттандыру жұмыстары мамыр айында басталады. Еске салсақ, былтыр сол кездегі облыс әкімі Ермек Көшербаев аталған аудан маңында жағажай жасау жөнінде тапсырма берген еді.
Жағажайдың өзін су қоймасының иесі абаттандырса, жол, электр желісі және инфрақұрылымның басқа да элементтерін қала әкімдігі қамтамасыз етеді. Жұмыстар тамыз айының соңына немесе қыркүйек басына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар котловандарды Ертіспен жалғайтын арна салынады. Сол арна арқылы өзен транспорты – трамвайлар қатынайтын болады.
Сондай-ақ қалада Өзен вокзалы маңында айлақ (пирс) салынады. Бұл жерде қала тұрғындары мен туристерге арналған толық демалыс аймағы құрылмақ.