«Қазақ тілі» халықаралық қоғамы жаңа бастамаларға ұйытқы болмақ
Шығыс Қазақстанда ана тіліміздің мәртебесін арттыру бағытында тың серпін байқалуда. Бұл жолы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың елімізге танымал қоғам қайраткері, журналист әрі дипломат, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен кездесуі — рухани жаңғыру аясындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.
Рауан Кенжеханұлы — шығыс жұртына етене жақын есім. Ол Тарбағатай топырағында дүниеге келген, яғни өз жерлесіміз. Бүгінде ел көлемінде тіл саясатына, білім мен ғылымға елеулі үлес қосып жүрген тұлға. Оның бастамасымен жүзеге асқан «WikiBilim», «BilimLand» ірі білім беру онлайн-платформасы, «Bilim Media Group» сынды жобалар қазақстандық ақпараттық кеңістіктің дамуына серпін берді.
Кездесу барысында Шығыс Қазақстандағы тіл үйрету орталықтарының жұмысы сөз болды. Айта кету керек, бұл өңір республика көлемінде алғашқылардың бірі болып қазақ тілін оқыту ісін жүйелі жолға қойған. Қоғам президенті осы бастамаларды жоғары бағалап, ана тілдің кең қанат жаюына ықпал ететін жобалармен бөлісті. Атап айтқанда, Өскемен мен Риддер қалаларында педагогикалық форум өткізу жоспары бар. Бұл – тіл мен тәрбие тағдырын арқалаған мұғалімдерге арналған маңызды алаң болмақ.
Шығыс Қазақстан — қазақ тілі мен мәдениетінің байырғы ордасы. Дегенмен түрлі тарихи кезеңдерден бері қалыптасқан тілдік ахуал бұл аймақта осы бағыттағы жұмыстардың әрдайым өзектілігі бар. Сондықтан мұндай кездесулер, жаңа бастамалар мен қоғам қайраткерлерінің қолдауы — ана тіліміздің арнасын кеңейтіп, ұлт бірлігін бекемдеуге зор әсер етеді.
Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде облыс бойынша 15-ке жуық тіл үйрету орталығы жұмыс істейді. Былтырғы жыл соңында 2 мыңнан астам азамат қазақ тілін оқуға ниет білдіргені айтылған еді. Бұл көрсеткіш – қоғамдық сананың өзгеруін, тілге деген құрметтің артуын аңғартады.
Фото: ШҚО әкімі баспасөз қызметінен




