KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, СБ
509.94 593.88 6.43

Туризм, ШҚО: Ертіс бойындағы Күршім көпірі аумағындағы жерлер аукционға шығарылмақ (видео)

27.05.2025, 14:30 297 Жанаргүл Көкенайқызы

Былтыр пайдалануға берілген Ертіс үстіндегі Күршім көпірі аумағындағы 51 гектар жерде туристік нысандар ашылмақ. Құжаттары әзірленіп жатқан жер телімдері таяу күндері аукционға шығарылып, кәсіпкерлерге ұсынылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Күршім ауданында туризмді дамытудың 2025–2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы бойынша Ертістің жағасында, Күршім көпірінің маңында туристік демалыс аймақтарын құру жоспарланып отыр.

— Атап айтқанда, Күршімнен он шақырым жерде орналасқан «Орақ пен балға» учаскесінде муниципалды жағажай ашу жоспарлануда. Биыл бұл жерге инфрақұрылым тарту бойынша жобаны конкурсқа ұсынған едік. Аталған аумақта 20 кәсіпкер туристік демалыс базаларын салып, жағажай ашпақ. Осы жобаларын жүзеге асыру үшін қазіргі уақытта аудан кәсіпкерлері «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 30 миллион теңгеге дейін несие алуға құжаттарын даярлап, өткізіп жатыр, — дейді Күршім ауданының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ришат Искаков.

Алдағы күндері көпір маңынан жергілікті өнім сатушы кәсіпкерлерге арналған сауда сөрелері мен үсті жабық сату орындары ашылмақ. Сметалық құжаттары әзірленген.

— Осы көпірдің жанында жаз бойы ысталған, қақталған балықтарды сатып отырамыз. Күннің астында, желдің өтінде отыру бізге қолайсыз. Аудан әкімдігіне өтінішімізді жеткізгенбіз. Енді алдағы уақытта осы жерге шағын базар ашылады деп уәде беріп отыр, — дейді осы аумақта балық өнімдерін сатып келе жатқан ауыл кәсіпкерлерінің бірі Фарида Серікова.

Күршім ауданында туризмді дамытудың 2025–2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы аясында Ертістегі Күршім көпірі аумағында этнопарк пен аллея ашу жоспарлары да бар.

Фото автордан
Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу