KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Шығыстағы әйгілі Шыбындыкөлде жағажай ашылып, жолы жөнделеді

17.05.2025, 18:30 3 612 Жанаргүл Көкенайқызы


Көркімен көз тартатын Шыбындыкөл енді шын мәнінде қолжетімді бола түспек. Бұған дейін ойдым-ойдым, шұрық-тесік қара жолы жеңіл көлікпен жүруге қауіпті болғандықтан, бұл табиғат кереметіне жету көпшілікке қиындық тудырып келген еді. «Шіркін, Шыбынды...» деп армандаған талай адам көлге бара алмай жүргені рас. Енді бұл мәселе шешімін тауып, Шыбындыкөлге баратын жол жөнделіп, жағасында муниципалды жағажай салынатын болды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Жағалауы ақ қайың мен қалың тоғайға оранған Шыбындыкөл Өскеменнен шамамен 90 шақырым жерде, Самар тас жолының бойындағы Жоғары Тайынты ауылынан әрі қарай орналасқан. Айналасын жартасты тау жоталары қоршаған бұл көл – тұнық әрі жылы суымен, көркем табиғатымен танымал демалыс орны. Айтулы жазушылар да кеңестік кезеңде мұнда жиі келіп, тынығып қайтатын болған.

– Биыл облыста туризмді дамыту мақсатында «Үздік туристік-рекреациялық аймақ» атты байқау ұйымдастырдық. Оған 12 ауданнан 24 жоба ұсынылды. Соның ішінде 6 жоба жеңімпаз атанып, қаржыландыруға ілікті. Солардың бірі – Ұлан ауданындағы Шыбындыкөл. Бұл жоба аясында көл жағасынан 1,5 гектар аумақта муниципалды жағажай салынып, оған апаратын кіреберіс жол жөнделеді. Жоба жүзеге асқанда, бұл бағыттағы туристік ағын айтарлықтай артады, – дейді облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Досжан Болатбекұлы.

Қазіргі таңда көлдің маңында жеке меншік демалыс базасының құрылысы да жүріп жатыр. Жол инфрақұрылымы жақсарса, Шыбындыкөлдің қолжетімділігі артып, өңір туризміне серпін беретіні сөзсіз.

Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновтың айтуынша, жоба аясында бөлінетін 200 миллион теңге бюджет қаржысы тек жол жөндеуге емес, жағажайды абаттандыруға да жұмсалады. Сондай-ақ, Жоғары Тайынты ауылында туристерге арналған шағын базар ашу жоспарланып отыр.

Қаржыландырылатын өзге бес жоба Шемонайха, Тарбағатай, Марқакөл, Алтай аудандары мен Риддер қаласындағы демалыс нысандарының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.

Фото: Altainews.kz

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу