Зайсанда облыс әкімімен болған ашық диалогта өзекті тақырыптар қозғалды (видео)
Бүгін жұмыс сапарымен Зайсан ауданына келген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов кездесудің ресми бөлімінен кейін халықпен ашық диалог алаңында тілдесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесу Зайсан қаласындағы Орталық мәдениет үйінде өтті. Залға жиналған халықтың қарасы қалың — тұрғындар ауданның бүгіні мен болашағына бейжай қарамайтындарын көрсетті. Кездесу бірнеше сағатқа созылып, әкім залдан қойылған әрбір сұраққа жауап берді. Жиында көтерілген негізгі тақырыптар — интернет, жер және газ мәселесі. Халық газ қорының көлеміне байланысты алаңдаушылық білдірді.
Әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелер, сондай-ақ денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы түйткілдер сөз болды. Сонымен қатар, күнделікті тұрмыстық және азаматтық сипаттағы сұрақтар да көтерілді.
Жеке мәселесі бар азаматтар облыс әкімінен жеке қабылдау өткізуді сұрады. Нұрымбет Аманұлы сол жерде қалып, әр тұрғынды жеке қабылдауға уақыт бөлді.
Фото: Махаббат Ахметжанова









