Жаңа көлік – жаңа мүмкіндік: Зайсан спортшыларына арналған ерекше сый (видео)
Зайсан ауданындағы бұқаралық спортты дамыту клубының жас тәрбиеленушілері үшін 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында үлкен қуаныш болды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың жұмыс сапары барысында оларға «ГАЗель» маркалы жаңа микроавтобус сыйға тартылды. Бұл – шалғай ауылдағы балалар спортына жасалған шынайы қамқорлық пен нақты қолдаудың көрінісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімі бұл тартудың маңызын ерекше атап өтіп, оны тек көлік ретінде емес, балалар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын құрал деп бағалады.
Мұндай сыйлық, әсіресе шалғайдағы спорт ұйымдары үшін ерекше маңызды. Ауылдық жерлерде жарысқа қатысу тек жаттығумен ғана емес, жол мәселесімен де тікелей байланысты. Жаңа автобус – жайлылықтың, қолдаудың, сенімнің символы. Бұл – балалардың үлкен спортқа жасаған алғашқы қадамдарын жеңілдетуге арналған нақты көмек.
Жаттықтырушылар мен ата-аналар бұл жаңалықты зор қуанышпен қарсы алды. Олардың айтуынша, енді жас спортшылар республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстарға еш қиындықсыз қатыса алады. Бұл – Зайсанда бұқаралық спортты дамыту бағытындағы келесі сәтті қадам.
Фото: Махаббат Ахметжанова









