Ауыл шаруашылығы: Шығыстан топ жарған қос үздік кәсіпкер
Астанада өткен салтанатты жиында Қазақстандағы мал шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосқан 59 маман мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында хабарланды. Марапатталғандардың қатарында Шығыс Қазақстан облысынан ауыл шаруашылығы саласының екі кәсіпкері бар.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес маусым айының екінші жексенбісі — Малшылар күні болып белгіленген. Биыл бұл кәсіби мереке екінші рет аталып өтті. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл тізімге биыл малшы, шопан, сауыншы, омарташы сынды жұмысшы мамандық иелері енгізіліпті. Әр аудан әкімдігі лайықты үміткерлерді іріктеп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолдаған. Кандидаттар саладағы еңбек өтілі мен нақты жетістіктері негізінде таңдалды.
Ауыл шаруашылығы министрі
Айдарбек Сапаров сала қызметкерлеріне алғысын білдіре отырып, ауыл еңбеккерлерінің ісі жай ғана кәсіп емес, елге қызмет етудің айқын үлгісі екенін атап өтті.
ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Маржан Баелованың айтуынша, облыстан он екі үміткер ұсынылған. Олардың қатарынан Астанада өткен марапаттау рәсіміне квота бойынша екі адам барды.
Атап айтқанда, Глубокое ауданын—дағы «Мёд Алтайский» шаруа қожалығының жетекшісі Алексей Қасымбаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал Ұлан ауданындағы «Сәуле» шаруа қожалығының басшысы Айгүл Түлемісоваға «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Алексей Қасымбаев – омарташылық саласында танымал маман, ғылым кандидаты, инженерлік, аграрлық және заңгерлік білімі бар, қазіргі таңда Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да оқытушылық және ғылыми қызметпен айналысады. Ол жетекшілік ететін «Мёд Алтайский» шаруашылығы 2500-ден астам ара ұясын ұстап, табиғи таза өнім өндіріп келеді. Өнімдері АҚШ, Моңғолия, БАӘ мен Өзбекстанға экспортталады. Қасымбаев 2022 жылы «Қазақстанның үздік тауары», 2023 жылы «Жылдың үздік жас кәсіпкері» аталымдары бойынша марапатталған. Сонымен қатар, ол «Катонқарағай бал» атауына географиялық нұсқаулық алып, оның аймақтық ерекшелігін заңды түрде бекітті.
Айгүл Түлемісова — омарта және сүт шаруашылығымен 25 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан тәжірибелі басшы. Ұлан ауданындағы «Сәуле» шаруашылығы бал, қымыз, сүт өнімдерімен қатар, табиғи жайылымда өсірілген сиыр етінен бұқтырылған өнімдер шығарады. Маусымдық кезеңде 2-3 мың банка өнім өндіретін кәсіпорын ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасына оң әсерін тигізуде. Айгүл Шалкесқызы – өз ісіне адал, жаңашылдыққа ұмтылатын, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына жоғары талап қоятын басшы ретінде танымал. Шаруашылық өнімдері «От Алдиара» сауда белгісімен саудаға шығарылады.
Отбасылық шаруашылықтың негізін қалаушы, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Айгүл Төлемісова бұл марапатқа ширек ғасырлық еңбектің нәтижесінде жеткенін алға тартты. Шаруашылығының негізгі бағыты ара өсіру болғанымен, оған тоқмейілсімей Айгүл ханым кәсіптің аясын кеңейткен. Бүгінде ол жылқы өсірумен де айналысып, экологиялық таза қымыз да өндіруде. Бұл – жұмыстағы диверсификация қағидатының нақты көрінісі. Яғни, кәсіптің әртараптандырылуы, көпвекторлы болуы табысты арттыруға мүмкіндік беретінін бұл шаруашылық дәлелдеп отыр.
Кәсіпкер үшін бұл марапат – демалыс пен жайлылықтан бұрын даму мен жауапкершілікті жоғары қойған жылдардың, тынымсыз еңбектің әділ бағасы. Бүгінде ол – ауылдағы кәсіпті жаңаша өрбітіп, табысқа жеткісі келетін көптеген жандарға үлгі болып отыр.
Азамат Әл-сана

