ШҚО-да сапасыз салынған су жүйелері қайта қалпына келтірілуде
Шығыс Қазақстан облысында халықты тұрақты әрі қауіпсіз ауызсумен қамту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен отырыста талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, 2020–2021 жылдары техникалық ақаулармен салынған су құбыры жүйелерін қалпына келтіру үшін бірқатар елді мекенде кешенді жұмыстар басталған.
Атап айтқанда, Самар ауданына қарасты Құлыңжон, Аққала және Көкжыра ауылдарында биыл сәуір айында облыстық бюджеттен 309,4 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат ауылдардағы су жүйесін толық жөндеуге бағытталған. Бүгінде конкурс процедуралары аяқталуға жақын. Жөндеу жұмыстары 26 маусымнан басталып, 2025 жылдың қарашасына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Марқакөл өңіріндегі Боран ауылында да 2020 жылы салынған су жүйесінде ақаулар анықталған. Аудан әкімдігі техникалық сараптама жасап, сметалық құжаттама әзірлеген. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 200 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ.
Жиын барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданындағы Белоусовка кентіндегі жағдайға ерекше назар аударды. Мұнда 2024 жылдың өзінде су жүйесінде 160-тан астам жарылыс тіркелген. Бұл – сапасыз құрылыс салдарының бірі. Аудан әкімдігі су жүйесін қалпына келтірудің нақты алгоритмін дайындап, инженерлік тексеру мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледі. Қазіргі таңда ең күрделі екі аумақ – су сорғы станциясынан таза су резервуарына дейінгі магистраль және «Гребенюшка» ықшам ауданы бойынша 388 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Маусым айында облыстық бюджеттен бөлінген 70 млн теңге конкурстық рәсімдерді бастауға мүмкіндік берді. Алайда жобаны толық жүзеге асыру үшін қосымша 318 млн теңге қажет.
Бұл шаралар – бүгінгі түйткілдерді шешумен қатар, болашақта облыс бойынша су инфрақұрылымын жүйелі түрде жақсартуға арналған маңызды қадам.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова






