KZ
Өскемен
-23°
переменная облачность жел 1 м/с, С
518.39 603.09 6.68

ШҚО: Катонқарағай тұрғындары көшеге бағдаршам орнатуды сұрап отыр

12.07.2025, 12:26 224 Altainews

Туристік маусымда адам қарасы үзілмейтін Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданында қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шықты. Табиғаты тамаша аймаққа ағылған туристер легі аудан орталығындағы жол қозғалысының жүктемесін арттырып, тұрғындар бағдаршам орнату мәселесін аудандық мәдениет үйінде өткен жиында облыс әкіміне жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.


Катонқарағай ауданына келушілер саны жыл санап артып келеді. Шалғай өңірдің тұмса табиғаты мен көрікті мекендері – тек отандық емес, шетелдік туристер үшін де ерекше тартымды бағытқа айналды. Бірақ бұл үрдіс инфрақұрылымдық және қауіпсіздік мәселелерін қатар ала келді.

Туризмнің артуымен қатар, аудан орталығындағы көлік қозғалысы да жиілеп, жолдағы жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі алаңдататын деңгейге жеткен. Осыған байланысты жергілікті тұрғындар облыс және аудан басшылығы қатысқан кездесу барысында көше қиылыстарына бағдаршам орнату қажеттігін көтерді. Аймаұ басшысына берген ақпаратында Катонқарағай ауданының әкімі тұрғындардың ұсынысы мен бұл мәселе назарда екенін айтты. Оның айтуынша, бағдаршам орнату жұмыстары 2026 жылға жоспарланған және нақты жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

«Адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі – басты басымдық. Туристік ағын артқан сайын көлік қозғалысы да жанданып келеді. Бағдаршам орнату – уақтылы көтерілген орынды мәселе», – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Өңірдегі туризмді дамыту – тек демалыс инфрақұрылымын жақсарту ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру екенін осы мәселе тағы бір мәрте көрсетті.


Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу