Чек сканерлеп, айына 20 мың теңгеге дейін алуға болады
gov.kz
Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың 15 наурызынан бастап «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасын іске асырып келеді. Бұл бастаманың басты мақсаты – азаматтарды дүкен мен қызмет көрсетушілерден міндетті түрде чек алуға ынталандыру, құқықтық мәдениетті арттыру және көлеңкелі экономиканы азайту, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобаның жұмыс істеу тәртібі қарапайым. Микро немесе шағын бизнес өкілінен сатып алған тауарыңызға фискалдық чек алып, оны «Amian» қосымшасында сканерлеу жеткілікті. Осыдан кейін сатып алу сомасының екі пайызы сіздің картаңызға немесе мобильді шотыңызға қайтарылады. Ай сайын жиырма мың теңгеге дейін кэшбэк алу мүмкіндігі бар.
Пилоттық кезең алғашында Семей қаласы мен Ақкөлде іске қосылып, оң нәтиже көрсетті. Бұл өңірлерде берілген чектер саны екі есе, ал олардың жалпы сомасы 32 пайызға артты. Биыл жобаға Шығыс Қазақстанмен қатар Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары қосылды. Алдағы уақытта Талдықорған қаласында да басталмақ.
2025 жылғы шілде айында еліміз бойынша 12 мыңнан астам азамат жалпы сомасы 62,6 миллион теңге кэшбэк алған. Бұл көрсеткіштер чектер санының 13 пайызға, ал жалпы соманың 18 пайызға өскенін көрсетеді. Шығыс өңірінің тұрғындары да бұл бастамаға белсенді қатысып, заңды сауда мәдениетін дамытуға үлес қосып отыр.
«Amian» қосымшасы арқылы «Чек талап ет — сыйлық ұтып ал!», «Бәйге» және Halyk Bank-пен бірлескен науқандар да жүргізілуде. Осы арқылы мыңдаған азамат бағалы сыйлықтар мен бонустар ұтып алып жатыр. Қосымшаны App Store және Google Play арқылы жүктеп алуға болады.
Мемлекеттік кірістер комитеті шығысқазақстандықтарды және барлық өңір тұрғындарын қолма-қол емес төлемдерді дамытуға, бизнестің ашықтығын арттыруға және салық тәртібін нығайтуға бағытталған жобаларға белсенді қатысуға шақырады.