Энергетика министрі Өскемен жылу электр орталығының қысқа дайындығын тексерді
Шығыс Қазақстан облысының алдағы жылыту маусымын тұрақты өткізу мәселесі Үкіметтің ерекше назарында. ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жұмыс сапары барысында Өскемен жылу электр орталығына барып, нысанның қысқа дайындығын тексерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Орталықтағы жөндеу, жаңғырту және жабдықтардың сенімділігі негізгі тақырып болды. 1947 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Өскемен ЖЭО бүгінде қала тұрғындары мен кәсіпорындарын жылумен қамтамасыз ететін басты нысан болып отыр. Қазір өндірілетін энергияның 84,9 пайызы орталықтандырылған жүйе арқылы тұрғын үйлерге жеткізілсе, қалған 15,1 пайызы өндірістік кәсіпорындарға беріледі.
Министрдің айтуынша, станцияның қысқа дайындығы мыңдаған отбасының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты ол жабдықтарды жөндеу, желілерді қайта құру және сенімділікті арттыруға бағытталған жобалармен танысты.
2025 жылы Өскемен ЖЭО-ның дамуына 17,6 млрд теңге бөлінеді. Қаражат мынадай негізгі жұмыстарға жұмсалады:
№9 турбинадағы құбырларды ауыстыру;
№11 және №12 қазандықтарға баратын бу құбырларын жаңарту;
№8, №12 және №13 қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізу;
2025–2028 жылдар аралығында жер асты су құбырларын кезең-кезеңімен реконструкциялау;
№5 жаңа күл үйіндісін салу;
ашық үлестіру құрылғысын (ОРУ-1) қайта құруды аяқтау.
Сапар барысында Ерлан Ақкенженов станция қызметкерлерімен кездесіп, энергетиктердің басты міндеті – халықты қыста жылумен үздіксіз қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Жаңа №5 күл үйіндісі ерекше назарға алынды. Ол ескірген №3 күл үйіндісін алмастырады. Қазір онда жер асты суларын ластанудан қорғау үшін арнайы гидрооқшаулағыш қабат төселуде. Жаңа нысанның пайдалану мерзімі – 11,5 жыл. Ол Глубокое ауданындағы бұрынғы кірпіш зауытының саз карьерінде орналасқан.
Сондай-ақ станцияда бу құбырларын толық ауыстыру жобасы аяқталуға жақын. Ұзындығы 1162 метр болатын жаңа магистральдық құбырлар турбиналар мен қазандықтарды байланыстырады. Диаметрдің үлкеюіне байланысты олардың өткізу қабілеті 1,5 есеге артты, ал қызмет ету мерзімі екі есе ұзарып, 200 мың сағатқа жетеді.
Тағы бір маңызды жоба – ОРУ-1-ді жаңарту. Бұл тек станцияның ғана емес, бүкіл қаланың электрмен қамтылуын сенімді етеді. Сонымен қатар ұзындығы 3,5 шақырым болатын жер асты су құбырлары да қайта жасалуда.
Министр жаңа жабдықтардың сенімділігі, қызмет ету мерзімі мен кепілдігі туралы да егжей-тегжейлі сұрады. Оның айтуынша, басты талап – жұмыстың сапасы мен мамандардың кәсіби даярлығы.
Өскемен тұрғындары үшін ең бастысы – алдағы қыста жылудың тұрақты берілуі. Бұған дейінгі жылдары жылумен қамтуда кідірістер болғанымен, биылғы маусымға билік пен энергетиктер ерекше дайындалып жатыр.
Айта кетейік, Өскемен ЖЭО-дағы толық жаңғырту жұмыстары бірнеше жылға созылады. Су құбырларын қайта құру 2028 жылға дейін жалғасады, ал жаңа күл үйіндісі биыл іске қосылмақ.
Дамир Омаров
Фото автордікі








