KZ
Өскемен
-9°
туман жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Көшеде жол полициясы неге қаптап жүр? (ФОТОРЕПОРТАЖ)

23.04.2021, 17:27 515

 

Кешеден бері көшеде «гаишник» қаптап кетті, деп жатыр ғой. Себеп түсінікті: облыста «ОПМ», яғни жедел алдын-алу іс шаралары қолға алынған. Өскемендегі Ертіс көпірі, Үлбі көпірінен түсетін-шығатын тұстың бәрінде қызыл-көк сиреналары жарқ-жұрқ еткен полиция көліктері.

Сонымен бұлар неге қаптап жүр десеңіздер айтайық. ШҚО-да 21-23 сәуір аралығында «Қауіпсіз жол» атты тексеріс науқаны өтіп жатыр. Осыған байланысты Алтайньюс тілшілері жол полициясымен біріккен рейдке шығып қайттық.

Танысып қойыңыздар. ШҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы Жасұлан Молдабергенов және инспектор, аға лейтенант Жанасыл Базарханов.

4e184c92-53de-410d-9ab3-14e4b2987b13.jpg

Екеуі де жұмыстарына мығым, кез келген сұраққа іркілмей жауап беретін айтары бар жігіттер болып шықты. Соңғы күндері осындай іс-шаралар жоспарлы түрде рет-ретімен өтіп жатқандықтан, бұлар да апталап аттан түспей жүргенге ұқсайды.

1bcc9987-d9fd-4de5-9cac-7c62e8e9cfbc.jpg

-Біздің міндет - жол қозғалысы тәртібін қадағалау, ереже бұзғандарды анықтасақ заңға сәйкес айыппұл саламыз. Әрине, ойламаған жерден шығындалғанды кім жақсы көрсін. Жүргізушілер іштерінен де сыртымыздан да бір сыбап алып жататын шығар. Жұмысымыз сол – тәртіпті қадағалау, - дейді Жанасыл Базарханов.

-Қазір халықтың жағдайы да оңып тұрған жоқ. Айыппұл деген нәрсе де оңай емес, бала-шағаның аузынан жырып ақша төлеу деген... Бәрін түсінеміз... Бірақ кейде жүргізушілердің тым жауапсыздығын, салғырттығын көрген кезде еріксіз бас шайқайсың. Ең көп еститін сөзіміз: «қазақпыз ғой», «мұсылман емеспіз бе», «ораза айында». Телефонын алып шығып түсіретіндер мен көкелеріне қоңырау шалатындар ол өзі бір бөлек әңгіме, дейді аға инспектор Жасұлан Молдабергенов.

Сол екі ортада рация саңқылдай жөнелді. Бейнекамераларды жіті қадағалап отырған қырағы көздерден түскен ақпар болуы керек. «Сузуки маркалы көлік, нөмірі осындай да осындай, бұрылыста жол ержесін өрескел бұзып кетті»

8c187eb0-15a7-46f3-85fc-90e54b246cd0.jpg

Көлігіміздің сиренасы бірден «ойбайға» басты. Орта жолдан шұғыл бұрылдық да барқылдаған сигналмен жолдағы автомбильдер легін қоғадай жапыра Абай даңғылына шықтық. Сузукиіміз әудем жерге ұзап кетіпті.

d2891850-4497-483f-8818-6e40cb70c719.jpg

Теміржол өткелінің бойына «Сергектің» сергек сақшылары біраз көлікті иіріп қойған екен. Көбінесе шетел нөмірімен немесе жалған мемлекеттік нөмір таққан автомобильдер назарға ілінетін көрінеді. Осы салада көптеген жыл қызмет етіп келе жатқан полиция қызметкері Раджан Базарбекұлының айтуынша, «Сергектің» міндеті осындай жедел шаралар кезінде айыппұлдарды анықтап, көлік құралы агрегатындағы арнайы белгілердің сәйкестігін анықтау.


2bba3588-17ce-40cd-ac0f-752f20be163c.jpg

«Осы, жәй кездегі тексеріс пен «ОПМ» шараларындағы тексерістің айырмашылығы қандай?» деп сұраймыз ғой полицейлерден. Айырмашылығы жермен көктей, дейді.

Айтуынша, жедел іс-шаралар кезінде көшедегі кез-келген көлікті тоқтатуға негіздеме бар, яғни осындай айлық немес іс-шара аясында кез-келген көлікті себепсіз тоқтатып тексеруге болады. Ал жай кезде тек жол ережесін бұзған кезде ғана тоқтата аласың, яғни себеп болса ғана.

Айтпақшы, жігіттер күні-түні жолда жүретіндіктен сырт көзге қандай көліктердің күдік тудыратынын да айтып берді.

-«Ұрының арты қуыс» дегендей, полицияны көрсе кейбіреулердің жүрісі ақырындамайтын жерде ақырындап қалады. Маневр кезінде сасқалақтайды. Тоқтатқан кезде жан-жағына қарамай рульді екі қолымен ұстап түп-түзу отырады. Бұл – бірдеңесі дұрыс емес жүргізуші, - деп күледі Жанасыл Базарханов.

e8180589-a52c-4981-a2c8-e9a72123fbc8.jpg

Телефонмен сөйлесіп келе жатады. Жанына қатарласа жақындап келіп қалғанда телефонын түсіре салып өтірік құлағын қасып отыра беретіндер бар, айта берсең неше түрлі қызық көп, дейді Жасұлан Молдабергенов.

Шәкәрім даңғылының Белинскиймен қиылысатын тұсындағы бағдаршамға 626 маздамен қатарласа тоқтадық. Жұпыны көліктің иесі көпбалалы отбасы екені көрініп тұр. Жанындағы полицияны алғашында байқаған жоқ. Алдыңғы орындықтағы ұл қауіпсіздік белбеуін тақпай ұмытып кетіпті. «Ременіңді тақсаңшы» деген ишараттан кейін барып рульде отырған әкесі шошып кетті-ау, ұлының белбеуін асығыс ілді.

Сол барқылдаған таныс дауыс. «Оң жаққа тоқта» дегенге келетін түсініксіз айтылатын бұйрық.

Базада біраз қарыздары бар екен төленбей жатқан. Техосмотрының уақыты өтіп кеткен. Белдік тақпағаны бар, айыппұлдың бағасы батпандай. Әкесінен енді таяқ жейді-ау, әлде арт жақтағы шешесі ұрысты ма алдыңғы орындықтағы ұл жыламсырап отырған сияқты.

4506d6a0-662e-42db-890a-3d6ffb600627.jpg

Жігіттер, жағдайымды түсініңдер жуықта ғана ауруханадан шықтым жағдайым мәз емес, жұмыс жоқ. 3 кішкентай балам бар әне бәрі көлікте отыр, деді техосмотрдың айыппұл көлемін естіген жүргізуші. Аяқ астынан шығынға бату деген оңай ма.

Жол сақшылары жөн білетін жігіттер екен. Еңсесі түсіп кеткен жүргізушіге бір қарап, ескі көлікке бір қарап құжаттарын қайтарып бере салды.

bfb89909-e725-4eea-a1f2-952bbacd4887.jpg

Дәл осы Шәкәрімнің бойында рұқсатсыз жерге тоқтаған Лексус көлігіне айппұл салынды. Жанымыздан құйын-перін өте шыққан мотоциклді қуалауға болмайды екен. Егер алда-жалды мотоциклші құлап мертігіп қалатын болса оған жол сақшылары кінәлі болады. Ондайларды тек бағдаршамда тоқтап тұрған кезде ұстай аламыз, дейді.

7.jpg

Рация тағы саңқылдай жөнелді. «Үлбі көпірінен мемлекеттік нөмірі жоқ Тойота автомобиль түсіп барады». Қуып жетіп оның да жай-жапсарын білдік.

Ең қызығы полицейлердің мемлекеттік нөмірдің латын графикасымен таңбаланатын әріптеріне орыс есімдерімен атайтындығы, мысалы: K-Константин, F- Федор деген сияқты. G әрпін Джи Головкин дейді екен.

8.jpg

Дәл осы маңайда жол үстінде тұрып қалған автомобильдің жанына тоқтадық. «Аккумулятор отырып қалған сияқты» деген соң жол сақшылары ойланып тұрмастан көліктерінің тұмсығын тірей отырып, өздерінің сымдарын алып шықты да жалғап көрді. Ақау аккумулятордан емес сияқты. Ескі көлік бір қақалып барып үнсіз қалды.

10.jpg

Жол үстінде тұрып қалғандарға шамамыз жеткенше міндетті түрде көмек көрсетуге тырысамыз, дейді жігіттер.

Осының барлығы айналдырған 1 сағаттың ішінде болған оқиға. Біз қоштасып редакциямыздың жанында түсіп қалдық. Жігіттер ары қарай кетті, рация тағы саңқылдап жатқан.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу