Патент негізінде салықты қалай төлеу керек?
Фото: depositphotos.com
Патент негізіндегі арнайы салық режимі (бұдан әрі – АСР)
Дара кәсіпкер (бұдан әрі – ДК) тіркеу кезінде осы режимді таңдаған кезде орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына осындай тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде Патент құнының есебін (бұдан әрі – Eсеп) ұсыну қажет.
Жалпыға бірдей белгіленген тәртіптен немесе өзге де АСР-дан ауысқан жағдайда Есеп патент негізінде АСР қолданылатын айдың 1-і күніне дейін ұсынылады;
Кейіннен кезекті патентті алу үшін Eсеп алдыңғы патенттің қолданылу мерзімі немесе салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін табыс етіледі.
Салық төлеуші қолдану шарттарына сәйкес келген кезде – салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібінен немесе шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР-дан патент негізіндегі АСР-ға көшуге құқылы.
Патент негізіндегі АСР мынадай шарттарға сәйкес келетін ДК қолданады:
- жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
- салық кезеңі ішіндегі табысы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына белгіленген АЕК-тің 3528 еселенген мөлшерінен аспайды (13 025 376 тенге 2024 жылы).
Есептеу және патент құнын төлеу қалай жүзеге асырылады?
Табыс сомасы Салық кодексінің 681-бабына сәйкес айқындалады.
Патенттің құны төленуге жататын жеке табыс салығының (бұдан әрі – ЖТС) сомасын (төлем көзінен ұсталатын ЖТС-ны қоспағанда) және әлеуметтік төлемдерді қамтиды.
ЖТС сомасын есептеу салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
Әлеуметтік төлемдер «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдарға сәйкес есептеледі.
Есеп ДК-нің орналасқан жері бойынша салық органына мынадай тәсілдермен ұсынылады:
- қағаз тасығышта (патент құнын төлегенін растайтын түбіртектер қоса беріледі);
- электронды нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы (төлем құжаттары ұсынылмайды, бұл ретте Есеп нысанында ЖТС және патенттің құнына енгізілген әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша төлем құжаттарының деректемелері көрсетіледі).
ЖТС төлеу 101202 БСК-да, міндетті зейнетақы жарналары 901101 БСК-да, әлеуметтік аударымдарды 902101 БСК-да, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары 904101 БСК-да (122 ТТК-да) жүзеге асырылады.
Патент негізіндегі АСР ДК қолдануға құқылы:
1) қызметшілердің еңбегін пайдаланбайтын;
2) жеке кәсіпкерлік нысанындағы қызметті жүзеге асыратын;
3) мынадай қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асыратын: сылақ жұмыстары; ағаш және ағаш шебері жұмыстары; едендерді жабу және қабырғаларды қаптау жөніндегі жұмыстар; сылау және шыны жұмыстары; такси қызметі; автомобиль көлігімен жүк тасымалдау; сыйақы үшін немесе шарт негізінде жылжымайтын мүлікті басқару; фотосурет саласындағы қызмет; аударма (ауызша және жазбаша) ісі; мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру; Көлік құралдарын мүліктік жалдауға (жалға) беру; ойын-сауық және спорт мүкәммалын прокатқа алу және мүліктік жалдау (жалға алу); бейнежазбалар мен дискілерді прокатқа алу; өзге де жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды прокатқа алу және мүліктік жалдау (жалға алу); ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын мүліктік жалдауға (жалға) беру; есептеу техникасын қоса алғанда, кеңсе машиналары мен жабдықтарын мүліктік жалдауға (жалға) беру; спорттық білім беру және бос уақытты ұйымдастыру мамандарына білім беру саласындағы қызметтер; мәдениет саласындағы білім беру қызметтері; өзге де білім беру саласындағы қызметтер;қосалқы білім беру қызметтері; өнер саласындағы қызмет;компьютерлер мен перифериялық жабдықтарды жөндеу; коммуникациялық жабдықты жөндеу; жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды жөндеу; шаштараз қызметтері; маникюр және педикюр; ветеринарлық қызметтер; жер учаскелерін өңдеу жөніндегі қызметтер; тұрғын үй-жайларды жинау және үй шаруашылығын жүргізу бойынша қызметтер; базарларда, вокзалдарда тасушылар көрсететін қызметтер; музыкалық аспаптарды жасау және жөндеу; үй жануарларын жаю.
Назар аударамыз:
Салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібіне немесе өзге де АСР-ға көшу үшін АСР қолдануға мүмкіндік бермейтін жағдайлар туындаған жағдайларда салық төлеуші осындай жағдайлар туындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуға міндетті.