KZ
Өскемен
-10°
переменная облачность жел 2 м/с, З
523.86 544.34 5.11

Әлемнің үнін есту де бір бақыт

29.07.2024, 11:45 141 Анель Слямғазықызы

Дәрігерлердің айтуынша, өңірде ересектердің де, балалардың да арасында есту қабілетінің бұзылуы жиі анықталады. Қазір облыста 18 жасқа дейінгі мүлдем естімейтін 30 және нашар еститін 108 бала есепте тұр. Құлағы нашар еститін 75 ересек адам бар.

– Есту қабілеті бұзылғандардың барлығы да диагностикамен және уақтылы емдеумен қамтамасыз етілген. Емханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың барлығында скринингтік аппараттар бар, олар перзентханадан шыққан нәрестелердің есту қабілетін тексеріп, кемістігі болса бірден анықтауға көмектеседі. Есту қабілеті ары қарай терең зерттеледі. Сурдологтар, ЛОР дәрігерлері диагноз қойып, балалар мен ересектерді есепке алады, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас сурдологы, оториналоринголог Жаннұр Төкенова.

Медициналық көмек стандарты бойынша мемлекет өңірімізде тұрып жатқан мүлде естімейтін және құлағының мүкісі бар барлық адамдарға веб-камерасы бар ноутбук, сағат, телефон, смартфон сияқты сурдотехниканы тегін береді.

–. Елімізде есту қабілеті бұзылуының төртінші дәрежесінде ғана мүгедектік беріледі. Қалған бірінші, екінші және үшінші дәрежелі есту қабілеті бұзылғандар есту протезін қажет етеді. Олар әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған адамдар, есту қабілетінің жоғалуына байланысты жұмысқа да орналаса алмайды. Ал есту аппараттары оларға берілмейді, әркімнің өз есебінен сатып алуға шамасы келе бермейді, - деп атап өтті Жаннұр Төкенова.

Бұл жағдайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры көмекке келеді. Айта кету керек, өңірде есту қабілеті бұзылған балаларға сәтті операция жасалып, медициналық сала бойынша оңалтылады.

Облыстық Ана мен бала орталығында кохлеарлық аппаратты имплантациялау бойынша жоғары технологиялық операциялар 2022 жылдан бастап жүргізіле бастады. Алдымен үш бала ғана есту мүмкіндігіне ие болды, келесі жылында 20 балаға көмек берілді. 2024 жылдың басында 26 имплантация және екінші жартыжылдықта тағы төрт операция жасалады. Нәтижесінде облыстың 48 баласына кохлеарлық аппараттар орнатылды.

- Бұл – 80-90 пайыз жағдайда адамдарға есту мүмкіндігін беретін инновациялық әдіс. Өкінішке қарай бұл әдіс те көмектеспейтін есту қабілеті бұзылған жас пациенттер бар. Мысалы, Ұлан ауданы, Мамай батыр ауылының 16 жастағы тұрғыны Артем Қудинов қаршадайынан асқынып бара жатқан кереңдікпен күресіп келді,  - дейді облыстың бас сурдологы.

 Фаузия Кудинова ұлының есту қабілеті сегіз жасынан нашарлай бастағанын айтады.

– Есту қабілеті жылдан-жылға нашарлап, мүлдем естімей қалды.  Балама бірнеше ота жасалды, ортаңғы құлақтың шеміршектерін алып тастады, сондықтан кохлеарлық аппаратты орнататын ештеңе жоқ. Талай аурухананың табалдырығын тоздырып, қаншама дәрігердің алдына бардық. Облыстың штаттан тыс сурдологы бас Жаннұр Төкеноваға барғанымыз жақсы бопты. Ол кісінің көмегінің арқасында ұлым  қалыпты өмірге оралды, - дейді  Артем Қудиновтың анасы Фаузия.

Маманның дер кезінде араласуының арқасында облыста бас сүйегіне есту аппараты орнатылған алғашқы  шығысқазақстандық  төрт ересек пациент пен 16 жастағы Артем осы операцияға шақырылды. Содан кейін оларға Жаннұр Төкенованың бақылауымен құрылғылар қосылды, пациенттер алғаш рет дыбысты естіді.

- Артемнің  бас сүйегіне есту аппаратының процессорын ұстай алатын имплант орнатылды. Мұндай операция сыртқы ортаңғы құлақтың дамуында туа біткен кемістігі бар пациенттер мен құлағы нашар еститін адамдарға көмектесе алады. Яғни, дыбыстық толқынның сыртқы және ортаңғы құлақ арқылы нашар өтуінің кесірінен есту қабілеті жоғалған адамдарға көмектеседі. Бұл импланттың құны 6,5 млн теңгеден асады, - деп түсіндірді Жаннұр Төкенова.

Енді Артем айналасындағы адамдардың дауысын еститін болды.

- Маған өте ауыр болды, мен оқуымды дұрыс оқи алмадым, сыныптастарыммен араласа алмадым, небір келеңсіз жағдайларға тап болдым. Көліктердің дыбысын да естімедім. Тіпті үмітімді жоғалта бастадым. Құрылғы орнатылғаннан кейін мен дыбыстарды қайта естідім, өмірге деген құштарлығым қайта оянды, армандарым бар. Мен судың сылдыры мен құстардың әнін естимін, бұл - баға жетпес бақыт. Дәрігерлерге маған сыйлаған мүмкіндік үшін алғысым шексіз, - дейді Артем.

Бозбала жоғары деңгейлі аспаз болуды армандайды және аспаздықтың қыр-сырын меңгеру үшін колледжге түсуге дайындалып жүр.

 Ал оның анасы МӘМС жүйесіне сенбейтіндерге өз мысалын айтудан жалықпайды.

- Менің ұлымды не күтіп тұрды? Мүгедектік, қоғамға қажетсіздік.  Медициналық сақтандырудың арқасында ғана Артем толыққанды өмірге оралды. Ай сайын ӘМСҚ жарналарын төлеу кімге қажет, пайдасын кім көреді деп сұрайтындар көп. Мен оны енді анық білем. Қымбат операциялар мен емделуге өз қаражаттары жетпейтін ауыр науқас балалардың, қарттардың, қарапайым адамдардың өмірін сақтап қалуға керек! Сол мақсатқа жұмсалады, - дейді Фаузия Кудинова.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу