Ауылда үй салған жұмыс берушілерге субсидия беріледі
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, енді ауылда жалға берілетін тұрғын үй салғысы келетін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
«Ведомство Президенттің ауылдарда өз жұмысшылары үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығынын өтеуге қатысты тапсырмасын орындау үшін субсидиялаудың тиісті қағидасын әзірлеп, бекітті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл ережеге сәйкес ауылда, кентте немесе ауылдық округте жалға берілетін тұрғын үй салған жұмыс берушілер 5 млн теңге мөлшерінде субсидия ала алады. Бұл қаржы 75 шаршы метрден 100 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй құрылысының шығынын жабады. Субсидияны алу үшін жұмыс берушілер жұмысшымен 5 жылға еңбек шартын жасасуы керек. Жұмыс берушілер тұрғын үй салуды жоспарлап отырған ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімін жергілікті атқарушы органдармен айқындап бекітеді», - деп жазылған хабарламада.
Алайда бұл тізімге аудан орталықтарының және облыс орталықтарының, моноқалалар мен шағын қалалардың немесе агломерациялардың, қаладағы аудандардың құрамына кіретін 30 шақырым жерде орналасқан ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер кірмейді.
Бекітілген ереже 2024 жылғы 15 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Жанаргүл Мұқатай