Биыл «Дипломмен ауылға» жобасымен 3,1 мыңдай маман баспаналы болады
Ауыл әкімдерінің өкілеттіктері кеңейтілмек. Ауылдардың экономикасын қарқынды дамыту үшін ауыл бюджетінің кірістер бөлігі ұлғайтылмақ.
Осы мақсатта Бюджеттің IV деңгейіндегі кірістерін 2,5 есеге арттырып, 167 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік беретін қосымша салықтар мен төлемдердің кейбір түрлерін беру жоспарлануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Н. Байбазаровтың атап өткеніндей, ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашу мақсатында ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы және іс-қимыл жоспары бекітілді.
«Ауыл – ел бесігі»
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 179 млрд теңге бөлінді, 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру жоспарлануда.
«Дипломмен ауылға» жобасын іске асыру
Биыл «Дипломмен ауылға» жобасын іске асыруға 25 млрд теңге қарастырылған, бұл 3,1 мыңға жуық маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Болашақта «Ауыл - ел бесігі» жобасын, сондай-ақ ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті қолдау мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту жоспарлануда.
Шекара маңындағы аумақтарға басым түрде қаражат бөлу, ауылдың цифрлық картасын әзірлеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту шеңберінде мәслихаттардың, ауыл әкімдерінің және олардың аппараттарының өкілеттіктерін кеңейту қарастырылады.