Төрт ауданның теннисшілері жарысқа түсті – ШҚО
Салауатты өмір салтын сақтап, бұқаралық спортты дамыту мақсатында өңірлерде үнемі жарыстар өтіп тұрады. Осындай кезекті спорттық жарыстардың бірі Зайсан ауданында өтті.
Зайсан қаласындағы «Жекпе-жек» күрес залында стол теннисінен ауданның ашық біріншілігі өтті. Оған Тарбағатай, Күршім, Марқакөл және Зайсан ауданының спортшылары қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ерлер және әйелдер болып екі топта сайысқан теннисшілер өзара мықтыны анықтап, топ жарғандары марапатталып қайтты.
Ал ерлер арасында I орын зайсандық Бауыржан Садуақасовқа бұйырса, II орынды тарбағатайлық Қанат Айтқалиев еншіледі. Жүлделі III орынды зайсандық Қанат Мұқашев қанжығаға байласа, ІV орынға күршімдік Нұрым Ақмолдаев табан тіреді.
Жеңімпаздар Зайсан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімнің мадақтама қағаздарымен және сыйлықтарымен марапатталды.