Шемонаихадағы Үбі өзенінің үстінен өтетін көпір жөнделеді
Биыл Шемонаиха ауданындағы Үбі өзенінің үстінен өтетін көпірді қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде жолаушы көлігі ээжәне автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов мәлім етті.
Белгілі болғандай, Шемонаиха қаласының кіреберісіндегі Үбі өзені арқылы өтетін көпір апатты деп танылған. Осыған байланысты нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Қазір көпірмен қатынайтын көліктердің жалпы салмағы бойынша шектеулер енгізіліп, жобалаушының анықтамасы бойынша конкурс өтуде.
Көліктік бақылау инспекциясынан хабарлағандай, облыста жылжымалы салмақ өлшеу бекет жұмыс істейді, ол жергілікті жерде автокөлік құралдарын тексереді және өлшейді. Биыл рұқсат етілген параметрлерден асып кету дерегі тіркелмеген. Алайда, жыл басынан бері бекет Шемонаихадағы көпірге бес рет қана барған. Сондықтан бақылау тұрақты деп айтуға болмайды. Мұны облыс әкімі де айтты.
Еске салайық, аталмыш көпір 1962 жылы салынған. Жоғарыда айтқандай, сарапшылардың қорытындысы бойынша көпір апатты деп танылған, көліктің жалпы салмағы бойынша шектеу енгізілген. Бүгінде көпірде бір бағытты қозғалыс ұйымдастырылды. Қазір жобалаушыны анықтау бойынша конкурс өткізілуде.