KZ
Өскемен
+8°
небольшой дождь жел 5,8 м/с, Ю
485.11 523.82 5.02

Қалың қалай қазақ анимациясы?

Фото: mydiplomblog.wordpress.com

28.05.2024, 10:01 477

Бала – біздің болашақ. Бала тәрбиесіне ата-ана, мектеп, мұғаліммен қатар бұқаралық ақпарат құралдары да ықпал етеді. Әсіресе, әлеуметтік желілердің әсері күшті қазір. Өскелең ұрпаққа қандай насихат беріп жүрміз? Бүлдіршіндеріміз нені көріп, неден тәлім алуда? Балақайларды төл өнімдерімен қуантып келе жатқан қазақ анимациясына биыл 57 жыл толды. Жарты ғасырдан астам уақытта не өзгерді?  Неге қол жеткіздік, неден ұтылдық? Мақалада осы тақырыпты тарқатуға тырыстық.  

Бұрын балалар «Айгөлекті» үзбей оқитын, «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Балдәурен» сияқты балалар басылымдарына жазылатын. Қазіргі балақайлардың қызығушылығы мүлдем басқа. Телефон мен компьютер болса болды. Теледидардың өзін сирек көреді. Ақпаратты визуалды түрде қабылдауға кішкентайларды қойып үлкендер де бейімделіп кетті.  Сондықтан қағаздағы суреттер анимацияға көшті. Ертек, аңызды тірілтетін мультхикаялар пайда бола бастады. Бүгінде жарты ғасырлық тарихы бар қазақ анимациясы осы үдеден шығуға ұмтылып келеді.

Бала психологиясы өте нәзік. Оның көңілін баурап алу оңай емес. Оған түрлі-түсті суреттер, көрікті кейіпкерлер, жеңіл әрі қызық сюжеттер керек. XXI ғасыр баласының талғамы осындай. Бұрынғы 2D анимациясының дәурені өткелі қашан. Біз әлі сол заманның жетегінде жүрміз. Мамандардың пікірінше балалар әлемін зерттеп, олардың психологиясына сай дүниелер шығаруда кедергілер аз емес. Солардың бірі және маңыздысы – қаражат пен жарнама. Бүлдіршіндер анимациясына арнап бөлінетін ақша бір мультфильмді шығаруға жетер, бірақ оны ары қарай таратып, насихаттауға жеткіліксіз. Жарнама мардымсыз. Шетелдің Шрегі мен Нарутосы сияқты қазақтың Күлтегіні балалар арасында трендке айнала қоймады. Неге? Өйткені жарнамасы жоқ, оған арнайы қаражат бөлінбейді. Мәселен 2000 жылы эфирге шыққан «Саяхатшы Дара» мультфильмін АҚШ бүкіл әлемге танымал ету үшін Дара қыздың бейнесі бейнеленген сөмкелер, қалам, қарындаштар, ойыншықтар шығарды. Жарнамасы бүкіл жерге тарады. Тіпті онлайн ойыны да бар. Ал біз өз кейіпкеріміздің суретін бір ойыншықтың сыртына жапсыра алмадық. Мәселен бала Ер Төстіктің бейнесін көріп, ойыншықтарымен ойнаса, бұл оның отансүйгіштік сезімін оятуға әсер етер еді.

Екінші мәселе – мультфильмнің балаға қаншалықты әсер ететінін ата-ананың, осыған жауапты сала өкілдерінің аса елемеуі. Баланы мультфильм көруге тарту үшін шетелде үлкен жұмыс атқарылады. Арнайы психологтар кеңесі құрылып, жаңадан шығатын мультхикаяға баға беріп, тигізер әсерін сараптайды. Себебі олар кино мен мультфильмнің нағыз идеология құралы екенін жете түсінеді. Бізде ол ермек қана. Баланың көңілін аулап, уақыт өткізу үшін қосамыз. Мамандар анимацияның танымдық және тәрбиелік рөлі зор екенін айтады.

Жақсыбек Кәмілұлы, «Bek production» компаниясының мультипликаторы:

- Мультфильмның бала психологиясына әсері өте зор. Әсіресе мазмұны мен стиліне баса назар аудару керек. Мультфильм көру арқылы бала түрлі эмоцияларды білдіруді үйренеді. Мәселен, қуануды, қорқуды, қайғыруды үйренеді. Екінші жағынан, анимация – тәлім-тәрбие құралы. Ата-анаға көмектесу, достық, адалдық, жанашырлық сияқты қасиеттерді үйренеді. Үшіншіден – тіл. Бала қай тілде мультфильмді жиі көрсе, сол тілді тез меңгереді. Қазақ тілді анимацияның қазіргі жағдайына көңіл толмайды. Бізге қолдау мен қаржы жетіспейді. Сонымен қатар сапалы өнім шығаратын маман аз. Қазақ тілді анимациялар балаларды қызықтыра алмай отыр. Неге? Өйткені сапасы төмен. Ал сапаны көтеруге қаржылық жағы қолбайлау сияқты. Мазмұны мен стилі қызық болмаса балалар өзге тілде контент көре бастайды. Себебі шетел анимациялары сапалы. Біздің салаға үлкен қолдау керек.

Иә, кәсіби маман атап өткендей мультфильм – бала тілін дамытатын көмекші құрал. Айталық, ондағы кейіпкерлердің сөйлеген сөзін тыңдай отырып өсіп келе жатқан жас буын сөздік қорын байытады. Эмоцияны сөзбен жеткізуге бейімделеді. Бұл жағынан да кемшіліктер бар бізде. Телеарналар көбіне аударма дүниелерді көрсетеді. Кейде тыңдап отырып тура мағынада аударылған калька сөйлемдерді естіп қаламыз. Мәселен, «Баруым керекпін», «болып табылады», «кешірім сұраймын» тіркестерін естіген балалар оны санасына құйып алып, сөйлегенде қолданады. Ал біз онсыз да тілімізді калькадан арылта алмай жүрміз.

Психолог мамандардың айтуынша, экрандағы түрлі кейіпкердің іс-әрекетін бақылайтын баланың есте сақтау қабілеті де дамиды. Ойлау қабілеті жетіледі. Хәкім Абай әжесінің ертектерін тыңдап-ақ ұлы тұлғаға айналды ғой. Осы тәжірибені қазір неге пайдаланбасқа?

Осы тұста тағы бір түйткілді айта кеткен жөн. Елімізде қазақ тілінде өнім ұсынатын жалғыз телеарна бар. Ол – «Балапан». Онымен бәсекелесетін өзге телеарна жоқ. Бәсекелестік болмаған соң өсу, өрлеу, сапаны көтеру де қиын.

Сапа демекші, отандық мультфильмдердің кейбірінде кейіпкердің сөзі мен әрекеті сәйкес келмей жатады. Сонымен қатар баяу сөйлейді. Мұның бәрі балалардың қызығушылығын төмендететін жәйттер.

Сондай-ақ мамандар толықметражды отандық мультфильмдерді кинотеатрлардан көрсету қажеттігін айтады. Бұл да қаржыға келіп тіреледі. Бізде қалың жұрт көп біле бермейтін сапалы мультфильмдер де бар. Мәселен, «Мұзбалақ», «Күлтегін», «Ер Төстік және айдаһар», «Қазақ елі», «Аңшы» сияқты мультфильмдерді үлкен экраннан көрсетсе көптің көңілінен шығарына мамандар сенімді.

Бала жастайынан ұлттық құндылыққа қанып өсуге тиіс. Бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Ендігі шаруа – насихат. Қазір үлкен аудитория әлеуметтік желіде отыр. Ендеше неге Youtube, TikTok-та төл өнімдерімізді таратпасқа? Қазір балалар уақытының көп бөлігін әлеуметтік желіде өткізеді. Осыны пайдалану керек.

«Қазақфильм» 2022 жылы «Қазақ анимациясы» студиясын ашты. Кейін «Ара студиясы», «Тасқын», «Дала» студиялары қатарға қосылды. «Ара студиясының» былтыр түсірген «Шырақ» мультфильмі Youtube арнасында 2,3 млн қаралым жинаған. Демек сұраныс бар. Тек әрекет керек. «Шырақ» мультфильмі ерекше форматта, дыбыссыз түсірілген. Мультфильмнің негізгі айтар ойы – отбасылық құндылықтар, мейірімділік, сүйіспеншілік және қайырымды болу. Тағы бір ерекшелігі – 3D форматында шығарылды. Мұндай форматтағы анимациялар біздің елде санаулы ғана және оған сұраныс бар.

Бұл саладағы тағы бір мәселе – мамандар тапшылығы. Оларды оқытатын арнайы оқу орындары аз. Өнерлі жастар табыс іздеп басқа салаға кетіп қалады. Аниматорлардың жалақысын көтерсе білікті де талантты жастар өздері тартылар еді.

Иә, бұл мәселелерді шешу арқылы отандық анимацияны дамытуға, кеңірек танытуға мүмкіндігіміз бар. Дегенмен дәстүрлі БАҚ-ты да ұмытпау керек. Сөз басында балалар басылымдарының оқылмайтыны айтылды. Бұл олқылықтың орнын толтыру өте маңызды және қажет. Жастайынан рухани азықпен сусындамаған баладан ертеңгі күні мемлекетшіл, ұлттық рухы биік, адамгершгілік құндылықтарды бойына сіңірген биік тұлға қалыптасуы екіталай. Оны да ескеруіміз қажет.

Аяулым Нұрланқызы, Өскемендегі «Ботақан» балабақшасының тәрбиешісі:

– Біз балабақшада балаларға күнде жарты сағат мультфильм көрсетеміз. Балалар кейіпкерлердің сөзін жаттап алады. Осылайша олардың тіл байлығы молаяды. Бірақ балабақшаға келетін қазақ балалардың көбі орысша сөйлейді. Отбасында бәрі қазақша сөйлесе де балдырғандардың тілі орысша шыққан. Неге? Бір ғана себеп бар, ол – Youtube. Қазіргі балалар Youtube арнасынан шетелдік анимацияларды көп көреді. Олар баланы тез баурап алады. Себебі мазмұны жеңіл, қысқа. Әрі кейіпкерлері түрленіп отырады. Баланың қиялы ерекше ғой. Бізге де осындай мультфильмдерді әлеуметтік желілерге көбірек салу керек. Балабақшада көрсететін мультфильмнің әсері жеткіліксіз. Үйде ата-аналар қазақ тілді контентті насихаттау керек. Сонда баланың қызығушылығын оята аламыз.

Иә, баланы қызықтырудың жолы көп. Соны ұтымды пайдалансақ, әдебиетті де, мәдениетті де, тарихты да, тілді де жақсы білетін ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз. Балалар контентін қолға алатын уақыт баяғыда келген. Енді қимылдамасақ қолымызды мезгілінен кеш сермеп қаларымыз анық.

Шұғыла Манафья

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Серік 29 мамыр 2024 14:29
2

Қазақ тілін дамыту үшін осы анимация фильмдерінің санын және сапасын арттыру қажет.Қазақ тілін дамыту үшін осы анимация фильмдерінің санын және сапасын арттыру қажет.

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив