ШҚО полициясы отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар бойынша 770-тен астам фактіні анықтады
istockphoto.com
2025 жылдың 20-29 қаңтар аралығында Шығыс Қазақстан облысында отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында республикалық «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.
Рейд барысында тәртіп сақшылары үш мыңға жуық азаматты тексеріп, 778 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның 166-сы отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты болды.
Профилактикалық шаралар нәтижесінде отбасылық жанжалдарға бейім 185 азамат есепке алынды. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға қорғау ұйғарымдары шығарылып, зорлық-зомбылық жасауға тыйым салынды. Алайда, 37 адам аталған шектеулерді бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімі бойынша 81 құқық бұзушыға алкогольдік ішімдік ішуге және отбасында зорлық-зомбылық жасауға тыйым салынды. Бірақ олардың ішінде 37 азамат бұл талаптарды орындамағандықтан, ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауапқа тартылды.
Іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған 240-тан астам әйел психологиялық көмек алу үшін дағдарыс орталықтарына жіберілді. Сонымен қатар, 11 жәбірленуші уақытша тұруға арналған баспанада орналастырылды.
Полицияға 30 жастағы әйел күйеуінің мас күйінде зорлық-зомбылық көрсеткені туралы шағым түсірген. Құқық қорғау органдары жәбірленушіні дағдарыс орталығына орналастырып, ал құқық бұзушыны сот белгілеген арнайы талаптарды орындамағаны үшін жауапқа тартты. Қазіргі уақытта материалдар сотқа жолданып, 10 тәулікке қамау жазасы қарастырылып отыр.
ШҚО полициясы жапа шеккен азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауға шақырады. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз отбасында агрессияға тап болса, үнсіз қалмай, көмек сұраңыз. Әрбір хабарлама маңызды, ал уақытылы қағылған дабыл қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектеседі.