Өскеменде бизнеске арналған жаңа бастама: кәсіпкерлер штабы іске кірісті
Өскемен қаласында кәсіпкерлерді қолдау, инвестиция тарту және жергілікті өндірісті дамыту мақсатында тұрақты жұмыс істейтін штаб құрылды. Енді оның отырыстары әр екі апта сайын өткізіліп, бизнеске қатысты өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік бермек.
Штабтың алғашқы отырысы қала әкімі Алмат Ақышовтың төрағалығымен өтті. Жиынға қалалық әкімдік бөлімдерінің басшылары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдері және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Жиында кәсіпкерлер өз жобаларын таныстырып, бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырған негізгі проблемаларды көтерді. Олардың басым бөлігі қаржыландыруға, өндірістік инфрақұрылымның жетіспеушілігіне және әкімшілік рәсімдердің күрделілігіне қатысты болды.
Кәсіпкерлер өз жобаларын кеңейту үшін жеңілдетілген несие мен инвестициялық қолдауға мұқтаж. Мысалы, «Алқанов» ЖК иесі Нұржан Қасенов ет өнімдерін өндіру кәсіпорнын дамыту үшін 50 млн теңге несие қажет екенін айтты. Сондай-ақ, «Өскемен балық компаниясы» ЖШС өкілдері балықты терең өңдеу жобасын іске асыру үшін қосымша қаржыландыруды сұрады.
Өндіріс орындарын кеңейту үшін жер учаскелерін бөлу қажеттілігі де басты мәселелердің бірі. «Пасека» ШҚ басшысы Валерий Қасымбаев 200 тонналық балауыз өңдеу зауытының құрылысын бастау үшін жер телімі керектігін жеткізсе, Людмила Евженкова қалдықтарды қайта өңдеп, экологиялық бұйымдар жасау ісін дамыту үшін шағын өндірістік алаң қажет екенін айтты.
Кәсіпкерлер инженерлік желілерді тарту және әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру бойынша қолдау қажет екенін атап өтті. «Qazaq electric LTD» директоры Ренат Жексенбаев Өскеменде электрокөліктерге арналған қуаттау бекеттерін орнату үшін мемлекеттік көмектің маңыздылығын көтерді.
Қала әкімі Алмат Ақышов штабтың басты мақсаты – кәсіпкерлерге нақты көмек көрсету екенін атап өтті.
Кәсіпкерлерді қолдау штабының тұрақты жұмыс істеуі қаладағы бизнес-климатты жақсартып, жергілікті кәсіпкерлердің дамуына жаңа мүмкіндік бермек.
Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Ермек Жиенбеков