«Pizza pitch». Өскемендегі ең мықты IT жобалар таныстырылды
Облыста IT жобаларға қолдау бар.Өскеменде инвесторлардың назарына жастардың ең мықты жеті IT стартап жобалары таныстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Oskemen IT Hub-та ұйымдастырылған «Pizza pitch» іс-шарасының негізгі мақсаты – өңірдегі IT саланы дамытып, тың идеяларға қолдау білдіру.
– Бүгін шығыстағы ең үздік шыққан жеті стартаппен танысып, өз ойымызды білдірдік. Жобалар әр түрлі. Алдағы уақытта бұл жобалар жақсы нәтиже көрсететін болса, онда оны инкубациялық бағдарламаларға аламыз. Яғни үш ай көлемінде біздің тәлімгерлер жобаны жетілдіруге көмек береді. Тіпті сәтті шыққандары әлемдік деңгейге көтерілуі де мүмкін. Біздің негізгі мақсат - өңірдегі озық идеялардың жарыққа шығуына жағдай жасау. Бүгінгі іс-шараны «Pizza pitch» форматында өткізудің де өзіндік мәні бар. Бұл жерде қатысушылар өз жобасын көпшілікке жариялап, IT индустриясының жетекші сарапшыларымен кері байланыс орнатуға мүмкіндік алады, – деді «Oskemen IT Hub» өңірлік менеджері Дидар Мұратұлы.
Іс-шарада қарыштап дамып келе жатқан жасанды интеллект пен қатар қоқыс қалдықтарынан техникалық заттарды жасауға бағытталған ерекше жоба таныстырылды.
– Бүгінде қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу өзекті мәселенің бірі деп ойлаймын. Сондықтан «Sana» деп аталатын стартапты қолға алып, дамыту үстіндемін. Жобаның негізгі мақсаты қоршаған ортаға залал келтіретін пластиктерді қайта өңдеп, электроникалық құрал жасау. Қазір қолымызда Power Bank, яғни қалта қуаттағыштың қорабы бар. Әзірге электроникалық заттардың сыртқы қорабын ғана жасаудамыз. Жобаға қолдау тапсам, топ жинап, толықтай өзіміз өндірсек деген жоспарым бар, – деді «Sana» эко-электроникалық жобасының авторы Асылай Жеңісбекова.
Оқи отырыңыз